Жетісу облысы Текелі қаласында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері Сұлтан Дүйсембинов, Амангелді Есбай, Ғалиасқар Сарыбаев және Нұрбек Құдайбергендер «TASUN» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті.
Ашық форматта өткен жүздесуде Конституциядағы жаңашылдықтардың маңызы қарапайым әрі түсінікті тілде түсіндірілді. Коалиция мүшелері құқықтық реформалардың ел дамуына, әділ сот төрелігіне, азаматтардың құқығын қорғау ісіне әсері туралы нақты мысалдар келтірді.
Коалиция мүшесі Сұлтан Дүйсембинов жаңа Ата Заң жобасында шағын және орта бизнесті қолдау тетіктеріне ерекше назар аударылғанын атап өтті. Кәсіпкерлікті ынталандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және халық табысын арттыру – негізгі басымдық екеніне тоқталды.
«Конституция жобасында адам капиталын дамыту мәселесі басым бағыт ретінде айқындалды. Білім мен ғылымға, инновация мен мәдениетке жүйелі қолдау көрсету қадамы азаматтардың зияткерлік және әлеуметтік әлеуетін арттыруға тың серпін береді», – деді ол.
Өз кезегінде, Коалиция мүшесі Амангелді Есбай жаңа жобада ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік және экономикалық қолжетімділікті кеңейту, ауыл шаруашылығын қолдау, жергілікті өндірісті нығайту, табиғи ресурстарды экологиялық тепе-теңдікті сақтай отырып тиімді пайдалану турасындағы мәселелер таразыланғанын жеткізді.

