«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері Қарағанды қаласында студенттермен, әлеуметтік сала қызметкерлерімен және кәсіпкерлермен кездесулер өткізді. Жұмыс сапарының басты мақсаты – азаматтарға жаңа Конституцияның нормаларын түсіндіру, олардың құқықтары мен міндеттерін жеткізу және ашық пікір алмасу.
Делегация құрамында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бауыржан Смағұлов, Арман Қалықов, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова, облыстық мәслихат депутаты Наиль Мұнасіпов, Қарағанды облысының өңірлік Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов, «Ақ жол» Демократиялық партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ермек Әбілдин, «Respublica» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Әубәкіров және «Bolashaq» академиясының профессоры Ботакөз Ахметова болды.
Іссапар барысында Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің оқытушылары және студенттерімен кездесу өтті, оған шамамен 300 адам қатысты. Жиында қатысушыларға жаңа Конституцияның негізгі нормалары түсіндіріліп, адам құқығы мен бостандығын нығайту, мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығы және билік институттарының әлеуметтік жауапкершілігін күшейту бағыттары айтылды.
«Жаңа Конституция азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттерін бекітеді, демократиялық басқару қағидаларын нығайтады және әділ қоғам қалыптастыруға ықпал етеді. Әрбір адам ұсынылған өзгерістерді түсініп, талқылауға қатысуы маңызды», – деді Бауыржан Смағұлов.
Бұдан кейін коалиция мүшелері бюджеттік сала қызметкерлері: дәрігерлер, педагогтар және әлеуметтік сала мамандарымен жүздесті. Өз кезегінде, облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов, Конституция нормаларын еңбек ұжымдарымен және кәсіби қауымдастықтармен талқылауда реформаларды іске асыру кезінде қоғамның нақты қажеттіліктерін ескерудегі маңызын атап өтті.
Сонымен қатар коалиция мүшелері шағын және орта бизнес кәсіпкерлерімен кездесті. Іс-шара ашық және конструктивті форматта өтіп, қатысушылар қойған сұрақтарына толыққанды жауап алды.
Өткізілген кездесулер барысында Қарағанды тұрғындары жаңа Конституция жобасымен танысып, оның қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік беретіне көз жеткізді.

