«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері Ақтөбе облысына сапармен барып, өңір жұртшылығымен, зиялы қауым өкілдерімен, еңбек ұжымдарымен және жастармен кездесті. Жиында жаңа Конституция жобасының ел дамуындағы стратегиялық маңызы кеңінен талқыланды.
Аталған топ құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Дания Еспаева, Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев, Республикалық заң консультанттары алқасының төрағасы Серік Ақылбай, адвокат Ләззат Ахатова, қоғам қайраткері Қайрақбай Жаңабеков болды. Коалиция мүшелері алдымен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қызметкерлерімен кездесті. Оған 300-ден астам адам қатысты.
Іс-шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері, коалиция мүшесі Дания Еспаева Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің мазмұнына тоқталып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту, билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз ету, қоғамдағы әділдік қағидатын орнықтыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
«Жаңа Конституцияда білім мен ғылым, мәдениет пен инновация мемлекеттің ұзақмерзімді стратегиялық бағыты ретінде нақты айқындалды. Бұл – ел болашағы табиғи ресурстармен емес, адам әлеуетімен өлшенетінін білдіретін түбегейлі ұстаным. Құжатта басты құндылық ретінде адам, оның білімі, кәсіби біліктілігі мен шығармашылық қабілеті алға шығарылды. Осылайша мемлекеттің өркендеуі қазба байлық қорына емес, ең алдымен адам капиталына тәуелді екені нақты көрсетілді. Ұлттың шынайы байлығы – білімді ұрпақ, олардың ғылыми жетістіктері, мәдениеттің дамуы және азаматтардың зияткерлік әрі кәсіби табыстары. Дәл осы құндылықтар елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, тұрақты дамудың берік негізін қалайды», – деді ол.
Кездесу барысында компания қызметкерлері Ата Заң жобасына қатысты өз пікірлерін білдіріп, өндіріс саласына, еңбек қатынастарына және әлеуметтік кепілдіктер бойынша сұрақтарын қойды. Олар заң үстемдігін қамтамасыз ету, еңбек адамының құқықтарын қорғау және әділ бәсекелестік қағидаттарын нығайту мәселелерін көтерді.

Бұдан соң коалиция мүшелері Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік универсиетіне барып, профессор-оқытушылармен және студенттермен жиын өткізді. Бүгінде бұл жоғары оқу орнында 14 мың студент білім алуда, оларға 539 профессор және оқытушы дәріс береді. Кездесу барысында академиялық қауымдастық өкілдері елдің ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуде ғылым мен технологияның айрықша рөлін атап өтті. Олардың пікірінше, Конституцияда білім, ғылым, инновация басымдық ретінде бекітілуі – мемлекет дамуының берік құқықтық негізін қалыптастырады
Өз сөзінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Лаура Қарабасова ғылыми-техникалық дамуды Конституцияда бекіту бойынша халықаралық тәжірибеге назар аударды.

«Оңтүстік Корея Республикасының Конституциясында ғылым мен технологияны дамыту мәселесі мемлекеттің экономикалық өсімімен байланыстырылып, бұл қадам білім экономикасына көшуге мүмкіндік берді. Ал Қытайдың конституциялық ережелерінде ғылым саласы жаңғырту стратегиясының өзегіне айналып, нәтижесінде осы сектордың әлеуетін арттыруға бағытталған нақты шаралар жүзеге асты. Сол сияқты жаңа Конституция жобасында білім, ғылым және инновациялар алғаш рет негізгі құндылықтар ретінде айқындалып отыр», – деді ол.
Әуе қорғанысы күштері Әскери институтында өткен кездесуде Заң мен Тәртіп қағидатына, адам құқын қорғауды күшейту мәселесіне назар аударылды. Жиын барысында Мәжіліс депутаты, коалиция мүшесі Қазыбек Әлішев жаңа Конституцияның 21-бабында әр адамның жеке өмірі заңмен қорғалатыны нақты жазылғанын атап өтті.

«Азаматтардың жеке деректерін заңсыз жинауға, сақтауға немесе пайдалануға болмайды. Бұл талап цифрлық технологияларға да қатысты. Енді ол заңмен қорғалады. Қандай да бір тексеру немесе жедел іс-шаралар тек заңда көрсетілген нақты тәртіппен ғана жүзеге асырылуға тиіс. Бұл нормалар азаматтардың құқықтарын күшейтіп, олардың жеке өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», – деді халық қалаулысы.
Сонымен қатар Жалпыұлттық коалиция мүшелері Ата Заң жобасын Ақтөбе құбыр зауытының қызметкерлерімен талқылады. Іс-шара барысында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ еңбекті әділ бағалау мәселелері жан-жақты қаралды. Қызметкерлер жаңа Конституцияның еңбек қатынастарын реттеудегі рөлі, әлеуметтік кепілдіктер мен жұмыс жағдайларын жақсартуға бағытталған нормалары туралы өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Коалиция мүшелері барлық пікірлерді тыңдап, елдің әділетті әрі прогрессивті дамуына үлес қосатын өзгерістердің маңыздылығын атап өтті.
