Бүгін Алматы облысында Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, коалиция төрағасының орынбасары Аида Балаеваның жетекшілігімен «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелері «Шин-Лайн» ЖШС ұжымымен кездесті. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары Мақсат Толықбай, Жанарбек Әшімжанов және Сергей Пономарев, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Ләззат Шыңғысбаева және басқалары қатысты.
Кездесуде Аида Балаева қолданыстағы Конституцияның соңғы 30 жылда Қазақстанның қалыптасуы мен серпінді дамуына берік негіз болғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі кезеңде мемлекеттің құндылықтары мен басымдықтарын нақты айқындаудың маңызы ерекше. Вице-премьер жаңа Конституция Преамбуласында негізгі құндылықтар бекітілгенін, соның ішінде білім, ғылым, мәдениет және инновациялар алғаш рет конституциялық деңгейде айқындалғанын жеткізді.

«Мемлекет білім сапасын арттыруға, ғылымды дамытуға және оны өндіріспен ұштастыруға айрықша көңіл бөліп келеді. Ғылыми прогресс нәтижесінде бүгін сіздер бөлек жағдайда еңбек етіп жатырсыздар. Өндіріс жаңартылып, өнім сапасы жетілдірілуде – мұның бәрі ғылым дамуының жемісі. Ал сапалы серпіліс жасау үшін бұл қағидаттарды Конституция деңгейінде бекіту қажет. Себебі Ата заң – кейінгі заңнамалық әрі бюджеттік шешімдердің негізі», – деді Аида Балаева.
Кездесу барысында Конституцияда мәдениет пен тарихи-мәдени мұраны қорғауға қатысты нормалардың алғаш рет нақты бекітілгені де айтылды.
Жаңа Конституция жобасын әзірлеген комиссия жұмысы туралы Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев баяндады. Оның сөзінше, құжатты дайындауға жетекші конституционалистер, заңгерлер, Конституциялық кеңес мүшелері мен парламенттік фракция жетекшілері қатысқан. Депутат Преамбуланың маңызына ерекше тоқталып, оны Конституцияның негізгі қағидаттары мен құндылықтарының көрінісі ретінде бағалады.
«Преамбула – жай кіріспе емес, бұл Конституцияның мәнін түйіндейтін өзек. Жаңа Конституция шынымен де адамдарға жақындай түспек. Бар болғаны он жеті жолдан тұратын осы мәтінде біздің өміріміз, сыртқы әлемге көзқарасымыз, қоғам ішіндегі өзара қарым-қатынас принциптері және мемлекеттің ұзақ мерзімді даму бағыты көрініс тапқан», – деп түйіндеді Сергей Пономарев.
Ұжым алдында Жұлдызай Ысқақова да сөз сөйлеп, жаңа Конституция жобасы жүйелі әрі терең талдау негізінде әзірленгенін атап өтті. Оның айтуынша, құжат заманауи қатерлерді ескере отырып, Ата заң архитектурасын жаңғыртуға және құндылықтықтарды нығайтуға бағытталған. Атап айтқанда, ғылым, инновациялар, білім және мәдениет саласы басымдық ретінде белгіленген.
Кездесу соңында «Шин-Лайн» ЖШС қызметкерлері сұрақтар қойып, түсіндіру жұмыстарына қатысты ұсыныстарын білдірді. Жалпыұлттық коалиция өкілдері азаматтардың референдумға қатысуының маңызын атап өтті.
