Алатау қаласында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының мүшелері «Green Land Alatau» жылыжай кешенінің еңбек ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында 15 наурызға белгіленген республикалық референдумға ұсынылатын жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары түсіндірілді. Әсіресе заң үстемдігін күшейту, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыру және қоғам мен билік арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Жиын ашық форматта өтіп, қызметкерлер өз сауалдарын қойып, пікір алмасты.
Коалиция мүшесі Нұрлан Түймелиев өз сөзінде конституциялық өзгерістердің маңызын атап өтті.
«Бүгінгі өзгерістердің түпкі мақсаты – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайту. Жаңа Конституция басқару жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталған. Референдум – әр азаматтың өз ұстанымын білдіретін маңызды саяси кезең. Сондықтан 15 наурызда баршаңызды дауыс беруге қатысып, ел болашағына қатысты шешімді бірге қабылдауға шақырамын», – деді Нұрлан Түймелиев.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуы, еңбек адамдарының әлеуметтік қорғалуы және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету мәселелері де қозғалды. Қатысушылар референдумға қатысу – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі екенін атап өтті.
Айта кетейік, «Green Land Alatau» жылыжай кешені өңірдегі ірі агроөндірістік нысандардың бірі. Кәсіпорын жыл бойы көкөніс өндіріп, ішкі нарықты өніммен қамтамасыз етіп келеді.


