Алматы қаласында алдағы республикалық референдум аясында жаңа Конституция жобасын түсіндіру бойынша қалалық коалиция мүшелерінің кездесулері жалғасуда. Бұл жолы түсіндіру жұмыстары кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдерімен және денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен өтті.
Алматыдағы ірі сауда орындарының бірі саналатын «RAKHAT» және «ADEM» сауда үйлерінің жалға алушылары, сондай-ақ №33 қалалық емханасының ұжымы елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаларды қолдайтынын білдіріп, алдағы өзгерістерге қызығушылық танытты.
Кездесу барысында қалалық коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасында қарастырылған негізгі өзгерістер мен толықтырулар туралы кеңінен түсіндіріп өтті. Әсіресе саяси тұрақтылықты нығайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған нормаларға ерекше назар аударылды.
Ашық пікір алмасу форматында өткен кездесуде қатысушылар ұсынылып отырған реформалардың қоғамға, бизнес ортасына және әлеуметтік салаға беретін жаңа мүмкіндіктерін талқылады. Кәсіпкерлер мен медицина қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Кездесу барысында шағын және орта бизнес өкілдері қала экономикасының маңызды бөлігі ретінде тұрақты әрі болжамды құқықтық орта қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Ал медицина саласының қызметкерлері әлеуметтік кепілдіктерді нығайту мен адам капиталын дамыту мәселелерінің өзектілігіне тоқталды.
Кездесу қорытындысында қатысушылар алдағы референдумның маңыздылығын атап өтіп, ел болашағын айқындауда әрбір азаматтың белсенді азаматтық ұстанымы ерекше рөл атқаратынын жеткізді.

