Шымкент қаласында жаңа «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» қалалық коалиция мүшесі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Саясаттану кафедрасының меңгерушісі Ардақ Монтаев «Усадьба Ладушки» ЖШС ұжымымен кездесу өткізді.
Кездесудің басты мақсаты – кәсіпорын қызметкерлеріне Конституцияның жаңа жобасында қарастырылған өзгерістерді түсіндіріп, алдағы референдумның маңызын кеңінен жеткізу болды.
Жиын барысында Ардақ Монтаев ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, жаңа редакциядағы Конституция қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Спикер референдум – халықтың еркін білдірудің маңызды демократиялық құралы екенін атап өтті. Әрбір азаматтың дауысы ел дамуының келешек бағытын айқындауда ерекше мәнге ие екені айтылды.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері өз пікірлерін білдіріп, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Ашық форматта өткен жиында қатысушылар Конституциялық өзгерістерге қатысты жан-жақты ақпарат алып, алдағы саяси науқанға белсенді қатысу қажеттігін жеткізді.
