Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің оқытушылық құрамымен кездесу өтті. Кездесу барысында өңірлік коалиция мүшелері Жаңа Конституция жобасының негізгі нормаларын түсіндіріп, құжатта білім мен ғылым саласына ерекше мән берілгенін атап өтті.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасында ел дамуының басты бағыты ретінде мәдениет, білім, ғылым және инновация құндылықтарын дамыту айқын көрініс тапқаны айтылды. Құжатта адами капиталды дамыту, сапалы білім беру мен зияткерлік әлеуетті арттыру мемлекеттің стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде белгіленген.
Жобаның 33-бабында білім беру саласына қатысты нақты кепілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік оқу орындарында ақысыз орта білім алуына кепілдік берілетіні және бастауыш пен негізгі орта білімнің міндетті екені көрсетілген. Сонымен қатар, азаматтардың заңға сәйкес жоғары оқу орындарында жоғары білім алуға құқығы бар екені де бекітілген.
Сондай-ақ жекеменшік оқу орындарында ақылы білім алу заң аясында жүзеге асырылатыны, ал мемлекет жалпыға міндетті білім беру стандарттарын белгілейтіні атап өтілді. Барлық білім беру ұйымдарының қызметі осы талаптарға сәйкес болуы тиіс. Бұдан бөлек, рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, ел аумағындағы білім беру жүйесінің зайырлы сипаты сақталатыны түсіндірілді.
Кездесу барысында коалиция мүшесі Гүлмира Байыркенова жаңа Конституция жобасында білім мен ғылымды дамытуға басымдық берілгенін атап өтті.
«Жаңа Конституция жобасында білім мен ғылымды дамытуға ерекше мән берілген. Бұл – елдің ұзақмерзімді дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Сапалы білім мен мықты ғылым – кез келген мемлекеттің болашағын айқындайтын басты фактор. Сондықтан адами капиталды дамытуға басымдық беру – дұрыс стратегиялық шешім», – деді ол.
Кездесу соңында университет оқытушылары жаңа Конституция жобасында білім мен ғылым саласына қатысты ұсынылған нормалардың елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға және жастарға сапалы білім алуға кең мүмкіндік беретіндігін айтып, 15 наурыздағы референдумға қатысатынын жеткізді.

