Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасына енгізілетін өзгерістерді түсіндіруге арналған кездесу өтті. Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Сұлтанбек Мәкежанов, Жанна Асанова және Нұрия Ниязова қатысты.
Кездесу алдағы республикалық референдум аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары шеңберінде ұйымдастырылды. Сенаторлар Конституция жобасының негізгі нормаларын таныстырып, құжаттағы әлеуметтік кепілдіктерге кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін конституциялық деңгейде бекіту мәселесіне ерекше назар аударылды.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сұлтанбек Мәкежанов өз сөзінде: «Конституциядағы нақты көрсетілген мәселе – қауiпсiздiк пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайлары құқығы, еңбегi үшiн қандай да бiр кемсiтусiз сыйақы алу, сондай-ақ әлеуметтiк қорғалу құқығына заңға сәйкес кепілдік береді. Бұл қоғамда өте күрделі талқыланып, жан-жақты депутаттық сауалдар қойылып, заңнамға өзгерістер еңгізу арқылы қоғамда қаралып отыр», – деп атап өтті.
Сенаторлардың айтуынша, аталған норманың конституциялық деңгейде бекітілуі медицина саласы мамандарын қорғауды жаңа деңгейіне көтереді. Бұл – денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуына негіз болатын маңызды қадам.
Кездесу барысында ұсынылып отырған түзетулердің әлеуметтік бағыттылығы және олардың қоғамдағы сенімді нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді. Іс-шара соңында қатысушылар алдағы референдумның ел болашағы үшін маңызды шешім қабылдайтын кезең екендігін ерекше атап өтті.
