Шымкент қаласында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясы мүшелерінің қатысуымен кезекті кездесу ұйымдастырылды. Бұл жолы жұмысшы топ мата өнімдерін өндіретін «АГФ Групп» мекемесіне барып, ұжыммен жүздесті.
Кездесуге ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров, қалалық мәслихат депутаты Мұратәлі Қалмұратов, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының төрайымы Гүлайым Шунғараева, партия белсендісі Құрманбек Жарқынбек және Еңбекші аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Мақсат Жолдасбеков қатысты.
Басқосу барысында Конституцияның жаңа жобасы таныстырылып, референдумның ел болашағы үшін маңызы кеңінен түсіндірілді. Жұмысшы топ өкілдері ұсынылып отырған өзгерістердің мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтуге және әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Нұрлан Бекназаров өз сөзінде Конституциялық реформалардың стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.
«Бұл өзгерістер – елдің ұзақ мерзімді дамуына негіз болатын қадамдар. Жаңа нормалар басқару тиімділігін арттырып қана қоймай, қоғам мен мемлекет арасындағы жауапкершілікті нақтылай түседі. Әр азаматтың дауысы естілуі тиіс», – деді сенатор.
Ал Мұратәлі Қалмұратов еңбек ұжымдарының пікірін тыңдаудың маңыздылығына тоқталды.
«Кәсіпорындар – экономиканың тірегі. Сондықтан өндіріс саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың көзқарасы біз үшін маңызды. Конституциялық өзгерістердің мәнін түсініп, белсенділік таныту – ортақ болашағымызға қосқан үлес», – деді мәслихат депутаты.
Кездесу барысында ұжым мүшелері өз сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Ашық форматта өткен жиын қатысушылардың Конституциялық өзгерістерге қатысты түсінігін арттырып, референдумға саналы түрде қатысуға шақырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер алдағы уақытта да қаладағы түрлі еңбек ұжымдарында жалғасын табады.

