Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығының ұжымымен жаңа конституциялық реформаны түсіндіру мақсатында бейресми кездесу өтті.
Іс-шара барысында Негізгі заң жобасының денсаулық сақтау саласын дамытуға, азаматтардың денсаулығын қорғау кепілдіктерін күшейтуге және медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған нормалары кеңінен таныстырылды.
Кездесуде Астана қаласы мәслихатының депутаты Азамат Орынбасаров сөз сөйлеп, конституциялық өзгерістердің әлеуметтік маңызына тоқталды.
«Жаңа конституциялық реформа ең алдымен адам құқықтары мен өмір сапасын арттыруға бағытталған. Денсаулық сақтау саласы – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Заңнамалық деңгейде кепілдіктерді күшейту медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын жаңа деңгейге көтереді», – деді депутат.
Филиал өкілі Сұңқар Хангельдина медицина саласындағы жаңғырту үдерістеріне назар аударды.
«Бүгінде заманауи технологиялар мен инновациялар денсаулық сақтау жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды. Конституциялық реформалар осы бағыттағы жүйелі өзгерістерге берік құқықтық негіз қалыптастырады», – деді ол.
Ұлттық нейрохирургия орталығы – халықаралық стандарттарға сай жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін заманауи клиника. Орталықтың төсек-орын қоры 160 орынға арналған.
Кездесу барысында дәрігерлер өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Қойылған сұрақтарға нақты жауаптар берілді. Іс-шара ашық әрі мазмұнды диалог форматында өтті.