Жалпыұлттық коалиция өкілдері Абай облысы Бесқарағай ауданында жаңа Конституция жобасын түсіндіру мақсатында өңір жұртшылығымен бірқатар кездесу өткізді. Іс-шара барысында қатысушылар жаңа Ата Заң жобасының азаматтар құқығы мен әлеуметтік кепілдіктерге әсерін талқылады. Тұрғындар өз ұсыныстарын жеткізіп, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік салаларға қатысты пікірлерін білдірді.
Аудан белсенділерімен өткізілген алғашқы кездесуде жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары, тұрғындардың құқықтары және әлеуметтік-экономикалық даму қадамдары жан-жақты талқыланды. Қатысушылар жаңа Конституция жобасының нормалары мен заңдық механизмдеріне қатысты ұсыныстары мен ойларын ортаға салды.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Жалпыұлттық коалиция мүшесі Айнұр Арғынбекова өз сөзінде Ата Заң жобасындағы негізгі өзгерістер туралы тарқатып айтты.
«Жаңа Конституция жобасының 5-бабында «қарқынды дамитын қала» деген жаңа ұғым енгізілді. Бұл норма экономикалық әлеуеті жоғары өңірлердің жедел дамуына жағдай жасауға бағытталған. Аталған мәртебе белгілі бір қалаларда қаржылық басқару және инвестициялық саясат саласында арнайы құқықтық режим қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ерекше құқықтық режимді енгізу нақты заңнамалық талаптармен шектеледі және қатаң бақылау тетіктері арқылы жүзеге асырылады. Яғни бұл бастама тұрақты әрі болжамды құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді. Ерекше режим тек айқын белгіленген шектеулер аясында ғана қолданылады және олардың жүзеге асырылуы заңмен реттеледі», – деді ол.
Содан кейін №1 Бесқарағай жалпы орта мектебінің ұжымымен кездесу өтті. Жиын барысында мұғалімдер жаңа Конституция жобасының білім беру саласына әсері туралы пікір білдіріп, педагог мәртебесін нығайту, оқу сапасын арттыру және білім беру ұйымдарының жауапкершілігін күшейту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар білім беру жүйесіндегі тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету және ауыл мектептерін қолдау тетіктері жөнінде ұсыныстар айтылды. Кездесуде мұғалімдердің әлеуметтік кепілдігін жетілдіру мен кәсіби дамуына жағдай жасау бағытындағы нормаларға ерекше назар аударылды. Тараптар білім беру саласындағы өзгерістердің ұзақмерзімді стратегиялық маңызын атап өтті.
Дәл осы мазмұндағы әңгіме Бесқарағай колледжі қызметкерлерімен өткен жиында да өрбіді. Кездесу барысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, еңбек нарығына бейімделген мамандар даярлау және жастардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды. Қатысушылар Конституция жобасындағы білім саласына қатысты нормалардың колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар дуалды оқыту тетіктерін жетілдіру және жұмыс берушілермен серіктестікті күшейту бағытындағы ұсыныстар айтылды. Жиын ашық пікір алмасу форматында өтіп, ортақ ұстанымдар айқындалды.
«Білім беру – ел болашағының кепілі. Мұғалімдердің ұсыныстарын тыңдап, қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз. Оқыту сапасын арттыру арқылы біз болашақ ұрпаққа сапалы білім мен мүмкіндіктер ұсынамыз» – деді Абай облыстық мәслихатының депутаты, коалиция мүшесі Риза Молдашева.
Кездесулер қорытындысы бойынша бесқарағайлықтар өз азаматтық ұстанымын танытып, 15 наурызда өтетін референдумға белсенді қатысуға дайын екендерін айтты.

