«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Шымкент қаласының Еңбекші ауданында бірқатар нысанды аралап, еңбек ұжымдары және студент жастармен кездесті. Олар Ата заңға енгізіліп отырған негізгі өзгерістер мен оның қоғам үшін маңызын кеңінен түсіндірді.
Делегация құрамында қалалық мәслихат депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұратәлі Қалмұратов пен Альбина Елшиева, «AMANAT» партиясы қалалық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы Гүлайым Шунгараева, партияның Еңбекші аудандық филиалының төрағасы Таймас Қамбатыров, партия ардагері Құрманбек Жарқынбек, сондай-ақ Қазақстан Халық партиясының қалалық филиалының төрағасы Бақтияр Жандарбеков болды.
Іссапар Жедел жәрдем станциясындағы кездесуден басталды. Қалалық мәслихат депутаты Мұратәлі Қалмұратов жаңа Конституция жобасындағы өзгерістерге тоқталды.
«Дамыған елдердің тәжірибесінде Конституцияның 50 пайыздан астамы өзгерсе, ол жаңа Ата заң ретінде қабылданады. Ал бізде өзгерістер көлемі 84 пайызды құрап отыр. Демек, біз де жаңа Конституция қабылдап, тарихи кезеңге қадам басқалы отырмыз. Азаматтардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты баптар азаматтық қоғам құруға нақты мүмкіндік береді», – деді қалалық мәслихат депутаты Мұратәлі Қалмұратов.
Қазақстан Халық партиясы қалалық филиалының төрағасы Бақтияр Жандарбеков Конституция жобасының бүгінгі уақыт талабына сай әзірленгенін атап өтті.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қабылданған Конституция еліміздің бірлігін сақтауға үлкен үлес қосты. Алайда уақыт өзгерген сайын заң да жаңарып отыруы тиіс. Соңғы 30 жылда Қазақстан түбегейлі өзгерді, жаңа ұғымдар мен құндылықтар қалыптасты. Сол өзгерістерді құқықтық тұрғыда реттеу үшін жаңа Конституция қажет», – деді ол.
Ал Гүлайым Шунгараева бұл реформаның ұзақ жылдар бойы жинақталған тәжірибеге негізделгенін жеткізді. Ол жаңа Конституция жобасының қарапайым әрі түсінікті тілде жазылғанын, сондай-ақ бір палаталы заң шығарушы органға көшу ұсынысы заңнамалық үдерістің тиімділігін арттыруға бағытталғанын айтты. Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім заңдарды сапалы әрі жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
Іссапар аясында коалиция мүшелері «BalabiTextile» және «Назартекстиль» кәсіпорындарының ұжымдарымен, сондай-ақ Түркістан индустриалды-құрылыс колледжінің оқытушыларымен кездесіп, Конституция жобасының негізгі бағыттарын түсіндірді. Кездесу барысында қатысушылар сауалдарын қойып, өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.
Жалпы, жұмыс сапары аясында өткен барлық кездесулер ашық диалог форматында ұйымдастырылып, жаңа Ата заң жобасының мазмұны мен маңызы жан-жақты талқыланды.