«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды.
Коалиция өкілдері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Әбдиев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары Талғат Садуов, Инара Намазбаева, Баймахан Сүлейменов, Еркебұлан Хандиллаев Кентау қаласындағы энергетика, жылумен қамту, ауыз су және өнеркәсіп салаларындағы жүйе құраушы кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесті.
Кентау трансформатор зауытында өткен жиында жаңа Конституцияның энергетика саласын заманауи технологиялар негізінде дамытуға, оның өнімділігін арттырып, инвестициялық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік беретін құқықтық негіз қалыптастыратыны айтылды.
Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Әбдиев жаңа Конституцияда адам және оның өмірі мен денсаулығы мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, энергетика саласын дамыту – экономикалық міндет қана емес, азаматтардың қауіпсіздігі мен өмір сапасын қамтамасыз етудің маңызды шарты.
«Энергетика – мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық сала. Өнеркәсіптің дамуы, экономиканы цифрландыру және халықтың өмір сапасы сенімді энергия көздеріне тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияда көзделген қағидаттар саланы технологиялық жаңғыртуының және оның ұзақ мерзімді тұрақты дамуының құқықтық негізін қалайды», - деді ол.
Сондай-ақ коалиция өкілдері «Кентау Сервис» МКК №5 жылу энерго орталығында болып, әлеуметтік мемлекет қағидаты, еңбек адамының мәртебесін арттыру және сапалы коммуналдық қызмет көрсетуге қатысты конституциялық нормаларды талқылады. Облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмысы азаматтардың өмір сүру сапасымен тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Конституцияда әрбір азаматтың денсаулығын қорғауға және қауіпсіз жағдайда өмір сүруге құқығы бекітілген. Сапалы жылу мен электр энергиясы – осы құқықтардың нақты орындалуының негізгі шарттарының бірі. Сондықтан азаматтардың қолайлы өмір сүру жағдайларын белгілейтін құқықтық нормалар Конституциядан бастауын алады. Әділетті қоғам құруға жетелейтін негізгі заңның қабылдануы қоғам игілігі үшін жасалып жатқан қадам деп бағалауымыз қажет», - деді ол.
Талғат Садуов жаңа кезеңдегі мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы – «Мемлекет – адам үшін» қағидаты екенін жеткізді. Облыстық мәслихат депутатының айтуынша, жаңа Ата Заң еңбек адамдарының құқықтық қорғалуын күшейтіп, стратегиялық салалардың орнықты дамуына жағдай жасайды.
Іссапар барысында коалиция өкілдері «Ащысай су» кәсіпорны мен «Эластополимет» ЖШС өндірістік алаңдарында да кездесу өткізді. Кездесу аясында табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экологиялық қауіпсіздік және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға қатысты конституциялық нормалар түсіндірілді.
Кездесу қорытындысында еңбек ұжымдары жаңа Конституцияны қолдайтындарын айтып, алдағы референдумға белсенді қатысуға дайын екендерін жеткізді.
