Астана қаласының «Есіл» ауданында этномәдени бірлестіктердің өкілдері және Достық үйінің қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара еркін форматта өткізіліп, қатысушылардың сауалдарына толық түсіндірме берілді, азаматтық сектор өкілдерінің конституциялық қағидаттарды іске асыруға қатысу тетіктері талқыланды.
Кездесу барысында диалогтың тұрақты даму мен қоғамдық сенімді нығайтудың негізгі құралы екені атап өтілді. Сонымен қатар, Жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері және олардың қоғамдық келісім мен ұлтаралық бірлікті нығайтудағы маңызы түсіндірілді. Қатысушылар өз пікірлерімен бөлісті.
Филиал өкілі Әсем Нұрсейітова мұндай іс-шараның маңызына тоқталды. «Жаңа Конституция жобасы әр азаматтың құқығын қорғап, қоғамдағы әділдік пен сенімділікті нығайтуға мүмкіндік береді. Біз мұндай кездесулер арқылы тұрғындардың ой-пікірін тыңдап, олардың ұсыныстарын ескере аламыз», – деді ол.
Өз кезегінде мәслихат депутаты Ғабит Тәжімұратов, «Ашық және еркін диалог – қоғамдағы әртүрлі топтар арасында түсіністік пен бірлікті қалыптастырудың маңызды факторы. Мұндай кездесулер жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарын түсінуге үлкен көмек береді», – деді.