Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің тұрғындармен бірқатар кездесуі өтті. Жиындарда Конституция жобасының ауылды дамытуға, еңбек құқықтарын қорғауға, білім мен денсаулық сақтау саласының қолжетімділігін қамтамасыз етуге және жалпы халықтың тұрмыс сапасына ықпалы кеңінен талқыланды.
Шалқар ауылында өткен алғашқы кездесу ауданның ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі - «Klyuchi GCK» ЖШС аумағында ұйымдастырылды. Он мың гектардан астам егістік алқабы, заманауи техника, тұрақты мемлекеттік қолдау және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту – кәсіпорын қызметінің негізгі көрсеткіштері. Кездесу барысында аграрийлер жерге меншік құқығының кепілдігі, мемлекеттік саясаттың тұрақтылығы, саланы қолдау тетіктерінің айқындығы және еңбек қауіпсіздігі мәселелерін көтерді.
Мәжіліс депутаты, Коалиция мүшесі Еркебұлан Мәмбетов өз сөзінде экономиканың дамуы құқықтық негіздің беріктігіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, Конституция – ұзақмерзімді тұрақтылықтың іргетасы. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында инвестициялар ұзақ мерзімге есептелетіндіктен, меншік құқығы мен кәсіпкерлік еркіндіктің сенімді қорғалуы аса маңызды.
«Конституция туралы айтқанда, біз бірнеше жыл сайын өзгеретін ережелер емес, тұрақты қағидалар жөнінде сөз қозғаймыз. Ауыл шаруашылығы өндірушісі үшін бұл аса маңызды. Жерге, техникаға, инфрақұрылымға салынған қаражат – ұзақмерзімді инвестиция. Жаңа Конституция жобасы меншік құқығын қорғауды, кәсіпкерлік еркіндігін және мемлекеттің әлеуметтік бағыттылығын бекітеді. Демек, ауылдың дамуы кездейсоқ шешімдерге емес, тұрақты әрі кепілді нормаларға сүйенуге тиіс», – деді ол.
Лобаново ауылындағы «Зейнеп» көпсалалы колледжінде өткен кездесуде білім беру және адам капиталын дамыту мәселелері талқыланды. Бүгінде мұнда IT, web-дизайн, туризм секілді заманауи бағыттар бойынша 200-ден астам студент білім алуда. Коалиция мүшесі Ербақыт Амантай жаңа Конституция жобасында білім мен адам капиталын дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде айқындалғанын атап өтті.
«Білім, ғылым және инновацияны дамыту Ата Заңда бекітілсе, ол бүкіл мемлекеттік саясаттың басымдығына айналады. Колледждерге, мектептерге, кадр даярлауға инвестиция салу - бұл стратегиялық бағыт», - деді ол.
Саумалкөл ауылындағы орталық аудандық ауруханада өткен мазмұнды диалог барысында медицина қызметкерлері қаржыландыру, материалдық-техникалық базаны жаңарту және кадр тапшылығы мәселелерін көтерді. СҚО Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Гүлнәр Қожахметова Конституцияда денсаулық сақтау құқығының бекітілуі мемлекет жауапкершілігін күшейтетінін атап өтті.
«Денсаулық құқығы – бұл науқастың кезекті уақытында емделуі, дәрігердің өз ісіне адалдығы мен кәсіби шеберлігі, медициналық құрал-жабдықтардың жеткілікті болуы және сол медицина мамандарына лайықты еңбек жағдайларының жасалуы. Бұл құқықты Конституцияда бекіту, мемлекеттің әр азаматтың денсаулығын шын мәнінде басымдыққа айналдырып, оны қамтамасыз етуге міндетті екенін білдіреді», – деді ол.
Бағдарлама Саумалкөл ауылындағы аудандық мәдениет үйінде аудан белсенділерімен өткен кездесумен қорытындыланды. Мұнда жергілікті өзін-өзі басқару, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуы және биліктің халық алдындағы жауапкершілігі мәселелері талқыланды. Коалиция мүшелері халықтың мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі ретінде бекітілуі қоғамдық бақылаудың рөлін күшейтетінін атап өтті.
«Реформа халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысуын арттыруды көздейді. Яғни кез келген бастама коғамның шынайы сұранысы мен пікіріне сүйенуге тиіс. Бұл, әсіресе аудандық деңгей үшін өте маңызды. Тұрғындар өздерінің ой-пікірлері мен ұсыныстарының жергілікті ресурстарды бөлуде, даму бағыттарын айқындауда және жергілікті билік органдарының жұмысында елеулі рөл атқаратынын нақты сезінуі қажет», – деді Коалиция мүшесі Болат Қожахметов.
Айыртау ауданындағы кездесулер жаңа Конституция жобасына деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. Тұрғындар үшін құжаттың құқықтық мазмұнымен қатар, оның нақты әлеуметтік-экономикалық әсері – тұрақты жұмыс орындары, әлеуметтік кепілдіктер, сапалы білім мен қолжетімді медицина – басты назарда. Ашық пікір алмасу мен сындарлы диалог сапардың негізгі нәтижесіне айналды.


