Жалпыұлттық коалиция мүшесі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Рысбекова және өңірлік коалиция мүшелері Борис Лаврентьев пен Марина Богомолова Орал қаласындағы «Стекло-Сервис» ЖШС ұжымымен кездесу өткізді. Кездесудің негізгі мақсаты – 15 наурыз күні өтетін референдумның маңыздылығын түсіндіру, азаматтық белсенділікті арттыру және сайлау мәдениетін қалыптастыру.
Жиын барысында Конституцияның жаңа жобасының мазмұны жан-жақты таныстырылып, онда қарастырылған өзгерістер мен толықтырулар кеңінен түсіндірілді. Әсіресе, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері, еңбек адамдарының мәртебесін арттыру, олардың әлеуметтік және құқықтық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«15 наурызда өтетін референдум – әрқайсымыздың ел болашағына жауапты қарауымыздың мүмкіндігі. Жаңа Конституция жобасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға, еңбек адамдарының әлеуметтік және құқықтық мәртебесін көтеруге бағытталған. Сондықтан әр азамат өз пікірін білдіруі және белсенді қатысуы өте маңызды. Біз бірлесе отырып, еліміздің тұрақты дамуына үлес қоса аламыз» – деді жалпыұлттық коалиция мүшесі Ләззат Рысбекова.
Коалиция мүшелері әділ еңбек қатынастарын қалыптастыру, қауіпсіз жұмыс жағдайын қамтамасыз ету, заң талаптарын сақтау және жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру бағытындағы бастамаларды түсіндірді.
Еңбек ұжымы өкілдері өз пікірлерін білдіріп, сауалдарын қойды. Өз кезегінде коалиция мүшелері референдум – ел болашағына бейжай қарамайтын әр азаматтың жауапты таңдауы екенін атап өтті.


