Өңірлік коалицияның мүшелері «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ жұмысшыларымен кездесті. Жиында Конституциялық комиссияның мүшелері Жаңбырбай Матаев, Бекмұрат Қыдырбайұлы сөз сөйлеп, конституциялық деңгейде бекітілген Әділетті Қазақстан, Заң және Тәртіп қағидаттары туралы баяндады.
Кездесуге қатысқан өңірлік коалиция өкілдері ардагер эколог Орынбасар Тоқжанов пен Анар Шамшадинова жаңа Конституция жобасының негізгі басымдықтарына жан-жақты тоқталды. Олар конституциялық өзгерістердің басты мақсаты елдегі басқару жүйесін жетілдіру, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау екенін айтты.
Коалиция өкілдері референдумның тарихи маңызына ерекше назар аударып, әрбір азаматтың ел тағдырына қатысты шешім қабылдауға тікелей қатысу мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Бұл халықтың мемлекет басқару ісіне белсенді араласуының айқын көрінісі екені айтылды.
Жиын соңында компания ұжымы 15 наурыз күні өтетін Конституциялық референдумға қатысуға ниетті екенін білдірді.


