Семей қаласындағы «DAEWOO BUS KAZAKHSTAN» ЖШС өндірістік алаңында республикалық референдум қарсаңында еңбек ұжымымен кездесу өтті. Іс-шара «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының бастамасымен ұйымдастырылды.
Кездесуге Абай облыстық мәслихатының төрағасы, өңірлік коалиция жетекшісі Шалқар Байбеков және коалиция мүшелері қатысты. Жүзге жуық адам жиналған басқосуда жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен 15 наурызда өтетін республикалық референдумның маңызы түсіндірілді.
Шалқар Байбеков Конституциялық комиссия жұмысының нәтижелеріне тоқталып, мәтіннің 84 пайызына өзгеріс енгізу қажеттілігі анықталғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол кәсіпорынның өңір экономикасындағы орнына ерекше назар аударды. Өндіріс орнында 450-ге жуық адам еңбек етеді және кәсіпорын облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отыр. Осы орайда ол еңбек ұжымын алдағы референдумда белсенді болуға шақырды.
Кездесу барысында коалиция мүшелері сөз сөйлеп, Конституцияның жаңа жобасындағы өзгерістерді түсіндірді. Жиын соңында еңбек ұжымы жаңа жобаға қолдау білдірді.



