Шымкент қаласында Жаңа Конституция жобасын түсіндіру бағытындағы кездесулер жалғасуда. Осы ретте «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалиция мүшелері «KazTransOil» мекемесінде болып, еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесудің басты мақсаты – Конституцияның жаңа жобасын көпшілікке таныстырып, алдағы референдумның ел болашағы үшін маңызын түсіндіру.
Делегация құрамында «AMANAT» партиясы жанындағы республикалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшесі Еркебұлан Құлбасов, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Қазақстан Халық партиясы қалалық филиалының төрағасы Бақтияр Жандарбеков, «Ауыл» партиясы қалалық филиалының төрағасы Ғани Қарабеков, «Республика» партиясы қалалық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Ербол Меделханұлы, «Ақжол» партиясы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Адай Шуханов, «AMANAT» партиясы Еңбекші аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мақсат Жолдасбеков және партия белсендісі Құрманбек Жарқынбек болды.
Жиын барысында коалиция мүшелері Конституция жобасында қарастырылған негізгі өзгерістерге тоқталды. Атап айтқанда, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Ербол Байқонысов өз сөзінде мұнай-энергетика саласы қызметкерлерінің ел экономикасындағы стратегиялық рөлін атап өтті.
«Мұндай маңызды құжаттың мәнін түсіну – әр азаматтың жауапкершілігі. Конституциялық өзгерістер елдің тұрақты дамуына бағытталған. Сондықтан әрқайсымыз референдумда белсенділік танытуымыз керек», – деді ол.
Ал Бақтияр Жандарбеков референдумның қоғамдық маңызын ерекше атап өтті.
«Конституция – мемлекет пен қоғам арасындағы келісімнің негізі. Ұсынылған өзгерістер елдің даму бағытын айқындайды. Әрбір дауыс – болашаққа қосылған үлес», – деді ол.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Ұжым мүшелері өз сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Қатысушылар Конституция жобасына қатысты жан-жақты ақпарат алып, алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырылды.


