Түркістан облысы Кентау қаласында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері №5 жылу энерго орталығының еңбек ұжымымен кездесіп, жаңа Конституциядағы экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және қоғам игілігіне қызмет ететін әділ экономикалық жүйе қалыптастыруға бағытталған нормаларды талқылады.
Жүздесуде энергетика саласы елдің экономикалық даму бағытын айқындайтыны және энергетикалық кешендердің тұрақты әрі сенімді жұмысы арқылы мыңдаған азамат жайлы өмір сүріп жатқаны айтылды.
«Мемлекет басшысы қолға алған батыл қадамдар арқылы отандық энергетика саласында ауқымды жаңғырту жұмысы жүзеге асып жатыр. Мәселен, Кентаудағы осы жылу энерго орталығы ауқымды реконструкциядан өтті. Энергетика кешендерін жаңғырту жұмысы жаңа Конституцияда көрініс тапқан Қуатты Қазақстанның негізін қалайды. Жаңа Ата Заң нормаларына сәйкес, әрбір энергетиктің құқығы қорғалады, еңбегі әділ бағаланады, саланың тұрақты дамуына қажет жағдай жасалады», – деді Коалиция мүшесі Қалыйма Жантөреқызы.
Кездесу барысында жаңа Конституцияға сәйкес, мемлекеттік басқару жүйесін заман талабына сай жаңарту, адам құқығына айрықша басымдық беру міндеті көзделгені айтылды. Осылайша, Коалиция мүшелері барша азаматты еліміздің алдағы дамуы бағытын айқындайтын референдумға белсенді қатысуға шақырды.

