Қаз
Коалиция мүшелері Байзақ ауданына барды

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Жамбыл облысы, Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барып, еңбек ұжымдары мен аудан тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді.

Делегация құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Гүлдара Нұрым, Абзал Құспан, Ерболат Саурықов және өңірден облыстық мәслихат депутаттары Фарида Жүнісова мен Жалил Аббосов, «Ауыл» ХДПП облыстық филиалының төрағасы Нұржан Мүслімов және «Сенім» денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіп одағының төрайымы Гүлмайра Момбекова болды.

Алғашқы кездесу Сарыкемер ауылындағы аудандық емханада өтті. Медицина қызметкерлерімен өткен кездесуде Конституция жобасының әлеуметтік бағыттағы нормалары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары және әлеуметтік кепілдіктерді нақтылау мәселелері қаралды.

«Конституцияда азаматтардың құқықтары мен жауапкершілігі тұтастай қарастырылған. Әлеуметтік кепілдіктерді нақтылау – халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрым.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан заң үстемдігі мен мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға арналған өзгерістердің маңызын атап өтті.

«Жаңашылдықтар билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікті нығайтып, тұрақты әрі әділетті қоғам құруға мүмкіндік береді. Референдум – әр азаматтың ел болашағына жауапкершілікпен қатысуына мүмкіндік беретін тарихи кезең», – деді ол.

Бұдан кейін делегация аудандық «Электр желілерін тарату» ЖШС жұмысшыларымен кездесті. Жиында конституциялық реформалардың экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және өңірлік дамуға әсері талқыланды.

Бұдан соң іссапар Мырзатай ауылында жалғасын тапты. Ауылдық клубта «Давос» форматында өткен кездесуге тұрғындар қатысты. Ашық пікір алмасу барысында Конституция жобасының Тәуелсіздікті нығайтуға, аумақтық тұтастықты қорғауға және әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын іске асыруға бағытталғаны айтылды.

Сапар қорытындысында делегация «Әулие-Ата Феникс» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Жүздесуде Конституция жобасын әзірлеу үдерісінің ашықтығы мен жариялылығы, қоғам пікірінің ескерілгені атап өтілді.

Жалпы, Байзақ ауданындағы жұмыс сапары барысында төрт нысан қамтылып, 380-ге жуық тұрғынмен кездесу өтті. Коалиция мүшелерінің тұрғындармен жүздесуі мазмұнды диалогқа ұласып, конституциялық реформаларды түсіндіру және азаматтардың пікірін ескеруге бағытталған маңызды алаңға айналды.