Жалпыұлттық коалицияның Абай облысындағы өңірлік филиалы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, академиялық орта өкілдерімен кезекті мазмұнды кездесу өткізді. Жүздесуде жаңа Конституция жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың стратегиялық мәні, олардың саяси жүйені жаңғыртудағы және құқықтық мемлекетті нығайтудағы рөлі кеңінен сөз болды.
Кездесуде коалицияның өңірлік филиалының мүшелері Ермек Әбілмажинов пен Наталья Перцева сөз сөйлеп, конституциялық реформалардың басты бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту, Парламенттің рөлін арттыру, адам құқықтарын қорғаудың институционалдық тетіктерін жетілдіру және азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне араласу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды.
Спикерлер Конституцияның 36-бабына ерекше назар аударып, әр азаматтың заңды сақтау, өзге адамдардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу міндеті қоғамдағы өзара сенім мен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыратынын атап өтті. Бұл қағида заң үстемдігі мен әділетті қоғам құрудың басты алғышарты ретінде бағаланды.
Кездесу интерактивті форматта өтіп, университет оқытушылары мен қызметкерлері өз сауалдарын қойып, реформалардың практикалық маңызы туралы пікір алмасты. Әсіресе, академиялық еркіндік, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтық белсенділікті дамыту мәселелері қызығушылық тудырды.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар Конституциялық өзгерістердің ел дамуының жаңа кезеңіне серпін беретінін атап өтіп, құқықтық мәдениетті нығайту бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін білдірді. Жалпыұлттық коалиция алдағы уақытта да өңірлерде ашық диалог алаңдарын ұйымдастырып, қоғаммен тұрақты кері байланыс орнатуды жоспарлап отыр.
