Қостанай облысының Лисаковск қаласында жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған бірқатар кездесу өтті. Жалпыұлттық коалиция мүшелері қала тұрғындарымен, еңбек ұжымдарымен және студент жастармен жүздесіп, референдумға ұсынылған өзгерістерді жан-жақты түсіндірді.
Кездесуге «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының Гүлмира Капенова, Римма Бектұрғанова және Анатолий Злой қатысты.
Алғашқы кездесу қалалық мәдениет және спорт үйінде өтті. 300-ден астам тұрғын қатысқан жиында конституциялық реформалардың маңызы, заң үстемдігін нығайту және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселелері талқыланды. Кездесу ашық әрі белсенді форматта өтті. Қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды.
Сондай-ақ коалиция өкілдері «Алюминий Казахстана» өндірістік алаңында кәсіпорынның 80-ге жуық қызметкерімен кездесті. Кездесу барысында еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік кепілдіктер және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау мәселелері талқыланып, Жаңа Конституция жобасында еңбек адамының мәртебесін арттыруға бағытталған нормалар таныстырылды.
Гүлмира Капенова өз сөзінде әлеуметтік кепілдіктерге ерекше мән берілетінін айтты.
«Еңбек ұжымдарымен және ауыл тұрғындарымен жаңа Конституция жобасын талқылау кезінде әлеуметтік кепілдіктерге ерекше назар аударамыз. Біз үшін жаңартылған Ата Заң адам құқықтарын қорғаудың, педагогтарды қолдаудың және отбасы институтын нығайтудың берік негізіне айналуы маңызды. Халық тарапынан үлкен қызығушылық байқалып отыр», – деді ол.
Келесі кездесу «Өркен» ЖШС алаңында өтті. Кәсіпорын ұжымымен экономикалық даму, инвестициялық тұрақтылық және өндірістік саладағы құқықтық механизмдерді жетілдіру мәселелері қаралды. Коалиция мүшелері референдум ел болашағының дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
Ақпараттық жұмыс Лисаковск техникалық колледжінде жалғасты. Студенттер мен оқытушылар қатысқан кездесуде жастардың азаматтық белсенділігі, құқықтық сауаттылығы және елдің болашағы үшін жеке жауапкершілік тақырыбында пікір алмасты.
«Конституциялық реформа мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа стандарттарын бекітуге бағытталған. Мұнда әрбір азаматтың дауысы шешуші мәнге ие», – деді өңірлік коалиция мүшесі Римма Бектұрғанова.
Кездесу қорытындысында ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік институттарды нығайтуға, әлеуметтік әділеттілікті дамытуға және одан әрі тұрақты өсім үшін жағдай жасауға бағытталғаны атап өтілді.
Айта кетейік, өңірлік коалиция мүшелері облыстың қалалары мен аудандарында түсіндіру жұмыстарын жалғастырады.
