Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 15 наурыз 2026 жылы Конституцияның жаңа жобасын қабылдау бойынша республикалық референдум тағайындауына байланысты өңірлерде коалиция мүшелері ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қызылордада Жалпыұлттық коалиция мүшесі, «AMANAT» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық кеңес мүшесі Еркебұлан Құлбасов және «AMANAT» партиясының Партиялық бақылау департаментінің инспекторы Венера Есілбаеваның арнайы қатысуымен қала тұрғындары және жоғары, орта арнаулы оқу орындарының қызметкерлерімен кездесу өтті.
Жиынды ашқан өңірлік коалиция мүшесі Ләйлә Төрешова алдағы референдум – ел болашағына бейжай қарамайтын әр азамат үшін маңызды қадам. Әрбір тұрғын жаңа Конституция жобасымен танысып, саналы таңдау жасауы тиістігін атап өтті.
Еркебұлан Құлбасов жаңа Конституция жобасындағы тұрғындар арасында түсініспеушілік тудырып отырған әрбір бапқа жеке тоқталып, мысалдармен түсіндірме берді.
Аймақтық коалиция мүшелері Мақсұт Нәлібаев, Әлібек Жаппасбаев, Арайлым Байжігітова сөз алып, Ата заң жобасы әділетті қоғам құруға, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталғанын атап өтті.
Кездесу барысында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, көкейдегі сауалдарына нақты жауап алды. Жиын соңында коалиция мүшелері қала тұрғындарын 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырыды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жаңа Конституция ел дамуының жаңа кезеңіне серпін беретін маңызды құжат болмақ.

