Астана қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесінің Конституцияның жаңа жобасын ғылыми тұрғыда сүйемелдеу мәселелеріне арналған жұмыс отырысы өтті. Отырыс офлайн және онлайн форматта, сарапшылардың қатысуымен ұйымдастырылды.
Жиынға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, сондай-ақ өңірлік ғылыми-сарапшылық топтардың өкілдері қатысты.
Отырыс барысында ғылымды, білім беруді және инновацияларды мемлекетті дамытудың стратегиялық басымдықтары ретінде конституциялық деңгейде бекіту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жаңа Конституция жобасында бұл салалардың базалық құндылықтар ретінде айқындалғаны атап өтіліп, оның ғылыми қызметтің орнықты дамуына арналған түбегейлі жаңа институционалдық және құқықтық негіз қалыптастыратыны айтылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрағасы, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Садуақасова жаңа Конституция жобасын жан-жақты талқылау мен оны сараптамалық тұрғыда сүйемелдеудің маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Дінмұхаммед Ғали, Еуразиялық интеграция институтының ғылыми-теориялық талдау және әдіснамалық қамтамасыз ету департаментінің басшысы Арман Ешмұратов, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Этномедиация орталығының директоры Фарида Мұсатаева сөз сөйледі.
Жиын қорытындысы бойынша конституциялық реформаларды ғылыми-сараптамалық сүйемелдеуді одан әрі күшейту, кәсіби диалогты дамыту және қоғамдық келісім мен этносаралық қатынастар мәселелері бойынша салмақты сараптамалық ұстанымдарды қалыптастыру қажеттілігі атап өтілді.