Астанада «Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында партияаралық диалог ұйымдастырылды. Іс-шараға Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым қатысып, конституциялық деңгейде бекітілген мемлекет қызметінің негіз құраушы қағидаттарының құқықтық мәнін тарқатты.
Оның айтуынша, Конституцияда айқындалған құндылықтар – мемлекетті мемлекет, қоғамды қоғам ететін негіз. Тәуелсіздік, Егемендік, тұтастық пен бірлік – абстрактілі ұғым емес, халықтың тарихи таңдауы және өзгермейтін бағдар.
«Бұл – қоғам сұранысына берілген нақты жауап. Болашақта мемлекеттік органдар өз жұмысын осы қағидаттарға сүйеніп жүргізуге тиіс», – деді ол.
Депутат заң мен тәртіп үстемдігінің негізгі қағидат ретінде бекітілуі қоғам сенімін күшейтетінін атап өтті. Азаматтардың құқығын қорғау, сот және өзге де институт жұмыстарында әділдікті қамтамасыз ету – өзгермейтін конституциялық ұстанымдар қатарында.
Оның сөзінше, экологиялық мәселелердің және жер мен табиғи ресурстардың халық игілігі ретінде айқындалуы стратегиялық маңызға ие. Бұл нормалар ұзақмерзімді бағдар ретінде қарастырылады.
Айдос Сарым ұлт болашағы туралы мәселеге арнайы тоқталып, қоғам жаңашылдыққа ашық, өзгерістерге бейім болуы керек екенін жеткізді. Оның пікірінше, білімді, ғылымды, инновацияны басымдыққа айналдырған қоғам ғана жаһандық бәсекеге төтеп бере алады. Еңбекқорлық – ұлттық мінездің ажырамас бөлігі, сондықтан еңбек құндылықтарын дәріптеу де мемлекеттік деңгейдегі міндет.
Қорытындылай келе, спикер ортақ құндылықтар төңірегінде біріккен қоғам ғана орнықты дамуға қол жеткізетінін айтты. Осы негіздер қазақ мемлекеттілігін нығайтып, елді алға бастайды деген сенім білдірілді.