Атыраудағы өңірлік коалиция өкілдері Қ.Дүтбаева атындағы педагогикалық колледждің еңбек ұжымымен кездесіп, 15 наурызда өтетін республикалық референдумның маңызы мен мазмұнын кеңінен талқылады.
Жүздесуде Конституцияның мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын басты құжат екені, оған енгізілетін өзгерістердің елдің болашақ даму бағытына, басқару жүйесіне және қоғам тұрақтылығына тікелей әсер ететіні атап өтілді.
Жиында Референдумды қолдау мақсатында еліміздің бес саяси партиясының бастамасымен құрылған коалиция жұмысы туралы да айтылды. Коалицияның негізгі мақсаты – конституциялық өзгерістердің мәнін халыққа жан-жақты түсіндіру, құқықтық сауаттылықты арттыру және референдумның ашық әрі әділ өтуіне қоғамдық қолдау көрсету. Оның құрамына қоғамдық ұйымдар, сарапшылар, ғылыми орта өкілдері мен азаматтық қоғам белсенділері енген.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында конституциялық реформалар бағыты айқындалғаны, кейін жұмыс тобы құрылып, Конституциялық комиссия жасақталғаны атап өтілді.
Кездесуде «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов, Заң және құқықтық реформа комитетінің мүшесі Серік Ерубаев және коалицияның басқа да мүшелері реформаның құқықтық және әлеуметтік аспектілеріне тоқталды.
«Қазіргі геосаяси өзгерістер мен әділеттілікке деген қоғамдық сұраныс жаңа қоғамдық келісімді талап етеді. Сондықтан да конституциялық реформаның маңызы зор. Біз Ата заңымызды жаңа жағдайларға бейімдеуіміз қажет», – деді халық қалаулысы.