Жаңа Конституция нормаларын түсіндіру жиыны бүгін Түркістан обысының Леңгір қалалық емханасында өтті. Ұжыммен кездесуге Жалпыұлттық коалицияның өкілдері – Парламент Сенатының және Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, өңірлік ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері арнайы келді. Медицина қызметкерлерімен ашық диалогта денсаулық сақтау саласының дамуы мен қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы – мемлекеттің стратегиялық міндеттерінің бірі екеніне баса мән берілді.
Кездесуде қоғамның таңдауына ұсынылған жаңа Конституцияда азаматтардың құқықтарын қорғаудың, әлеуметтік кепілдіктерді нығайтудың және халық денсаулығын сақтаудың маңызды құқықтық нормалары қамтылғаны айтылды.
«Дәрігердің еңбегі адамға қамқорлық көрсетуге арналған жауапкершілігі жоғары, миссиясы биік қызмет. Конституцияның жаңа жобасы адамға бағдарланған ең маңызды құжат. Онда адамның өмірі, құқықтары мен қадір-қасиеті ең жоғары құндылық ретінде бекітілген. Бұл норма халықтың сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет алуына конституциялық негіз қалайды», – деп атап өтті өз сөзінде Парламент Сенатының депутаты Мұрат Қадырбек.
Жаңа Конституция жобасындағы азаматтарға кепілдендірілген басқа да құқықтық нормалар туралы Сенат депутаттары Әли Бектаев, Алишер Сатвалдиев қосымша мағлұматтар берді. Соның ішінде Негізгі заңның 28-бабында көзделген азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру құқықтары жан-жақты айтылды. Ата заңда көзделген бұл нормалар Қазақстан Республикасының әлеуметтік мемлекет ретіндегі мәртебесін айшықтай түсетіні мәлімделді.
Коалицияның өңірлік ақпараттық-насихаттық тобының жетекшісі Полат Тұрсынбаев жаңа Конституция білім, ғылым және инновацияны дамытуға ерекше мән беретініне тоқталды. Денсаулық сақтау жүйесінің сапалы жаңғыруы – ұлт саулығының кепілі екеніне назар аударып, бұл құқықтық норма медицина саласына заманауи технологияларды енгізуге, ғылыми зерттеулерді дамытуға, жаңа емдеу әдістерін қолдануға жол ашатынын айтты.
Аудандағы медицина қызметкерлері жаңа Ата заң жобасын қолдап, алдағы референдумда ел болашағы үшін маңызды таңдау жасайтындықтарын білдірді.