«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалицияның Ұлытау өңірлік филиалы ұстаздар қауымымен кездесті.
Коалиция мүшелері Оразалы Бақырбаев, Ақансері Сүлейменов, Айнаш Жаналина Ұлытау облысы Жезқазған қаласындағы №26 мектеп гимназиясының ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Жаңа Конституция жобасындағы негізгі өзгерістер мен басым бағыттар кеңінен түсіндірілді. Әсіресе білім беру саласына қатысты нормалар, педагог мәртебесін нығайту, оқушылардың құқықтарын қорғау және сапалы білімге қолжетімділікті арттыру мәселелері талқыланды.
«Конституция жобасының 33-бабы азаматтардың міндетті бастауыш, орта білім алуына кепілдікті бекітеді. Сондай-ақ конкурстық негізде жоғары білім алу құқығы бекітілген. Мемлекеттік оқу орындарында бастауыш және орта білім беру оның мемлекет кепілдік беруіне байланысты кәсіптік және жеке тұлғалық даму үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ете отырып, тегін болып қала береді. Білім беру ортасының бейтараптығы мен теңдігін қамтамасыз ете отырып, білім беру жүйесінің зайырлы сипаты бекітіледі (33.5-бап). Жиынтығында ол қазіргі заманғы мектеп пен практикаға бағдарланған колледждерден бастап университеттер мен зерттеу орталықтарына дейін үздіксіз білім беру және ғылыми траекторияны қалыптастырады» – деп атап өтті Ақансері Сүлейменов.
Гимназия мұғалімдері өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Кездесу соңында ұстаздар 15-наурыз күні өтетін референдумға белсенді қатысуға уәде берді.

