Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері тұрғындармен жүздесті. Кездесу барысында конституциялық реформаның негізгі бағыттары жан-жақты түсіндіріліп, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуі, медицина саласындағы оңтайландыру және шағын, орта бизнесті дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Сырым ауданындағы іссапар Тоғанас ауылындағы мәдени-демалыс орталығынан басталды. Кездесуге қатысқан жергілікті ұстаздар, дәрігерлер мен жұмысшыларға өңірлік коалицияның мүшесі Нұрлан Рахымжанов Конституцияға енгізілген жаңашылдықтарды, соның ішінде заң мен тәртіптің басты назарда екен атап өтті.
«Заң және тәртіп» қағидаты – қоғам тұрақтылығы мен әділетті дамудың басты кепілі. Конституцияға енгізілетін өзгерістер азаматтардың құқықтық қорғалу деңгейін арттырып, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтады. Сонымен қатар жұртшылықтың, әсіресе ауыл тұрғындарының мемлекеттік маңызы бар реформаларды қолдаудағы рөлі ерекше», – деді ол.
Аудандық мәдениет үйінде өткен кездесуде тұрғындар аймақтағы шағын және орта бизнеске қатысты мемлекеттік бағдарламалар, ауыл шаруашылығы, еңбек адамдарының құқықтарына қатысты мәселелерді көтерді. Өңірлік коалиция мүшесі, Орал қалалық мәслихатының депутаты Нұргүл Ашикова өзгерістер мен басымдылықтар туралы айтты.
«Жаңа Конституция жобасында кәсіп ашу және бизнес жүргізу құқығы нақты қорғалады. Яғни, әр азаматтың кәсіпкерлікпен айналысуына заң жүзінде кепілдік беріледі. Алдағы бірнеше жылда кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламалар көбейеді, өндіріс пен қызмет көрсету саласына жаңа технологиялар енгізіліп, цифрландыру күшейеді деп күтілуде. Бұл шағын және орта бизнес үшін үлкен мүмкіндік. Кәсіпкерлер жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлап, заманауи технологияларға сенімді түрде инвестиция сала алады», – деді депутат.
Бұдан кейін коалиция мүшелері аудандық ауруханада медицина қызметкерлерімен кездесті. Жиын барысында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, дәрігер-маммолог Асхат Дүйсенғалиев жаңа Конституция жобасы аясында денсаулық сақтауға қатысты тармақтарға тоқталды.
«Жаңа Конституция жобасында азаматтардың денсаулығын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылған. Бұл сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет алуына конституциялық кепілдік береді. Мемлекет денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, медициналық ұйымдардың жұмысын жетілдіруге және медицина қызметкерлерін қолдауға міндетті», – деді дәрігер.
Сырым ауданындағы кездесулерде тұрғындар конституциялық реформадағы өзгерістерді жан-жақты талқылады. Олар еңбек адамдарының мүддесінің қорғалуы, заң мен тәртіптің үстемдігі және медицина, білім, әлеуметтік сала қызметкерлерін әлеуметтік қорғаудың мемлекеттің нақты міндеті ретінде бекітілуін оң бағалады.

