2026 жылғы 4 наурызда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының өкілдері «Нұрлы жол» теміржол вокзалының қызметкерлерімен кездесіп, республикалық референдумға шығарылатын жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары түсіндірілді.
«Нұрлы жол» теміржол вокзалы елордаға қатынайтын пойыздардың 60 пайыздан астамын қабылдайды. Мұнда негізінен Астана соңғы станция болып саналатын бағыттар қабылданады. Бүгінде мұнда 220 қызметкер еңбек етеді.
Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден, қалалық мәслихат депутаты Владислав Сергеев, заң ғылымдарының докторы Ермек Абдрасулов қатысты.
Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден өз сөзінде ұсынылып отырған өзгерістер Мемлекет басшысы бастамашылық еткен саяси реформалардың заңды жалғасы екенін атап өтті.
«Ата заң жобасында азаматтардың құқықтары мен бостандықтары түсінікті әрі нақты тілде айқындалған. Құжатты әзірлеуге 130-дан астам сарапшы – депутаттар, заңгерлер, филологтар мен журналистер атсалысқан. Сонымен қатар жоба қоршаған ортаны қорғау, еңбек адамдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік кепілдіктерді күшейту мәселелерін қамтиды»,– деді ол.
Заң ғылымдарының докторы Ермек Абдрасулов жаңа Конституцияның преамбуласында ел дамуының стратегиялық мақсаттары айқын көрсетілгенін айтты.
«Жоба аясында адам құқықтарын қорғау тетіктері нақтыланып, білім, ғылым және инновация салаларына басымдық беріледі. Бұдан бөлек, Халық кеңесі мен Құрылтай сияқты институттардың құрылуы ұлттық ерекшеліктерді ескеретін қоғамдық диалогты дамытуға бағытталған», – деп атап өтті.
Кездесу соңында коалиция өкілдері вокзал ұжымын 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырды.


