Қосшы қаласында жаңа Конституцияның негізгі ережелерін және 15 наурызда өтетін референдумды түсіндіруге арналған кездесулер ұйымдастырылды. Кездесулер барысында елде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалар мен жаңа Конституцияның ел дамуы үшін маңызы жан-жақты талқыланды. Конституциялық өзгерістердің мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, азаматтардың құқығы мен бостандығын нығайтуға, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару өкілеттіктерін кеңейтуге ықпал ететіні атап өтілді.
Аталған топ құрамында Сенат депутаты Талғат Жүнісов, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Айдын Төребаев, облыстық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек, Қосшы қаласы мәслихатының төрағасы Әлихан Қуатбеков және «AMANAT» партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Рақымжан Сейдахметов болды. Коалиция мүшелері сапар аясында қаладағы бірқатар ұйымның ұжымдарымен кездесу өткізді. Атап айтқанда, «Dara Business Academy» мектеп-лицейі, «Сапа Су» ЖШС темірбетон бұйымдары зауыты, «Viamedis Kosshy» ЖШС емханасы және Қоғамдық-мәдени спорт орталығы қызметкерлерімен мазмұнды пікір алмасу ұйымдастырылды.
Сенат депутаты Талғат Жүнісов жаңа Конституцияны ел дамуы мен азаматтар құқығының кепілі болатын негізгі құжат ретінде бағалады.
«Бұл өзгерістер мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, азаматтардың әлеуметтік құқықтарын кеңейтуге және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының рөлін күшейтуге бағытталған. Әр азаматтың белсенділігі маңызды. 15 наурызда өтетін референдум – әр азаматтың өз ұстанымын білдіруге берілген мүмкіндік. Біз бұл үдерістің ашық, әділ әрі жауапкершілікпен өтуін қамтамасыз етеміз», – деді сенатор.
Өңірлік коалиция мүшелері де Конституциядағы негізгі жаңашылдықтарды түсіндірді.
«Жаңа Конституцияда азаматтардың құқығы мен бостандығы сенімді қорғалған және әлеуметтік кепілдіктер жүйесі нығайтылды. Әрбір азаматтың референдумға белсенді қатысуы – бұл елдің тұрақтылығы мен дамуының кепілі», – деп атап өтті Айдын Төребаев.
Өз кезегінде Ерқанат Мұсылманбек жаңа Конституция кәсіпкерлік ортаны дамытуға, жергілікті бизнесті қолдауға және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталғанын жеткізді. Бұл экономикалық өсімге және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесулер қорытындысы бойынша қатысушылар жаңа Конституцияның ережелерін кеңінен түсіндірудің маңызын, өзекті мәселелерді ашық талқылаудың тиімділігін және алдағы референдумға азаматтардың белсенді қатысу қажеттігін атап өтті.


