«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының мүшелері Саламат Идрисов, Гүлбаршын Марданова және Ануарбек Батаев Дамбы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Іс-шара жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған ақпараттық-насихат жұмыстары аясында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында құжаттың негізгі әлеуметтік бағыттағы нормалары таныстырылды.
Зейнетақымен қамсыздандыру мәселесіне тоқтала келе, жоба әрбір азаматқа ең төменгі зейнетақы мөлшеріне кепілдік беруді, сондай-ақ жасына байланысты, сырқаттанған немесе мүгедектік жағдайында әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен қатар мемлекет әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін дамытуға жауапты екені айқындалады. Бұл егде жастағы азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін күшейтуге бағытталған. Осылайша, адам өмірі мен денсаулығын конституциялық тұрғыдан қорғау міндеті бекітіледі.
Отбасы институтына да ерекше назар аударылған. Жобаға сәйкес неке – ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқылы одағы ретінде айқындалады. Бұдан бөлек, кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалардың еңбекке қабілетсіз ата-аналарына қамқорлық жасау міндеті бекітіледі. Бұл нормалар отбасы құндылықтарын нығайтуға, ұрпақтар сабақтастығын және отбасылық жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Кездесу соңында коалиция өкілдері тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, жаңа Конституция жобасын қоғамдық талқылауға белсенді қатысуға шақырды.



