Павлодар қаласындағы Қазақстан электролиз зауыты АҚ алаңында облыстағы тау-кен металлургия кәсіпорындарының техникалық инспекторлары форумы өтті. Іс-шараны «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясы ұйымдастырып, оған өңірдің ірі кәсіпорындарынан 100-ден астам еңбекті қорғау мамандары, қауіпсіздік қызметтерінің басшылары және өкілдері қатысты.
Форумға «Қазақстан алюминий» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, Ақсу ферроқорытпа зауыты – ТНК «Қазхром» АҚ филиалы және өзге де кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Коалиция мүшелері Илья Теренченко, Қобланбек Қожин және Борис Поломарчук өнеркәсіп қызметкерлерінің құқықтарын күшейтуге бағытталған Жаңа Конституция нормалары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, жиында еңбек қауіпсіздігі, өнеркәсіп қауіпсіздігі және өндірістік жарақаттануды азайту мен қызметкерлердің денсаулығын сақтау құралы ретіндегі қоғамдық бақылау мәселелері қарастырылды.
Қазақстан электролиз зауыты АҚ-ның еңбекті қорғау және өндірістік бақылау жөніндегі басшысы Асхат Құсайынов Негізгі заңдағы өзгерістерге оң баға берді.
«Конституциядағы жаңартуларды оң өзгерістер деп есептеймін. Өзгеріс – ол әрдайым прогресс. Қандай да бір жаңа қиындықтар мен жауапкершіліктер пайда болса да, біз оларды қарсы алуға дайынбыз», - деді ол.
Кәсіпорынның негізгі цехының инженері Никита Кот Конституцияның жаңартылуы уақыт талабынан туындап, саланың заманауи талаптарына сай екенін атап өтті.
«Еңбекті қорғау тәсілдері, еңбекті ұйымдастыру қағидаларын сақтау талаптары өзгеруде, заңнама жаңаруда. Жаңа Конституция туралы бізге бұған дейін де айтылған, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарынан оқыдық. Барлығы өзгеруде, уақыт жаңа ережелерді талап етеді. Өндіріс маманы ретінде бұл мен үшін маңызды – бізге жақсы еңбек жағдайлары, жоғары деңгейдегі қорғаныс және әлеуметтік мүмкіндіктерге кепілдік беріледі», - деп атап өтті металлург.
Форум тәжірибе алмасу және еңбек қауіпсіздігінің заманауи стандарттарын, сондай-ақ Қазақстан қызметкерлерінің құқықтарын қорғауды бекітетін Жаңа Конституцияны талқылау алаңына айналды.