Шымкент қаласында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге бағытталған кездесулер жалғасуда. Осы мақсатта «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» қалалық коалициясы мүшелері Абай ауданының тұрғындарымен кездесу өткізіп, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің мазмұны мен маңызын кеңінен түсіндірді.
Кездесуге «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қалалық коалиция жетекшісі Мұрат Жолдыхожаев, қалалық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, қалалық партия филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Берген Ержаппар, партия белсендісі Икрам Хашимжанов және Шымкент қаласы заң консультанттары палатасының заңгері Нұрлан Мырзабай қатысты.
Жиын барысында коалиция мүшелері Конституция жобасында қарастырылған негізгі өзгерістерге тоқталып, олардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге және қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
Мұрат Жолдыхожаев өз сөзінде референдумның елдің даму бағытын айқындайтын маңызды қадам екенін айтты.
«Конституция – мемлекетіміздің негізгі заңы. Ондағы әрбір өзгеріс қоғамның дамуына ықпал етеді. Сондықтан әр азамат бұл үдеріске бейжай қарамай, өз таңдауын жасау арқылы ел болашағына үлес қосуы тиіс», – деді ол.
Ал Берген Ержаппар ұсынылып отырған өзгерістердің заң үстемдігін нығайтудағы маңызын атап өтті.
«Конституциялық реформалар қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын күшейтуге бағытталған. Заңның үстемдігі мен азаматтардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету – жаңа өзгерістердің басты мақсаты», – деді ол.
Кездесу барысында тұрғындар өз пікірлерін білдіріп, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Қатысушылар ұсынылған өзгерістерге қатысты жан-жақты ақпарат алып, алдағы референдумға белсенді қатысу қажеттігін атап өтті. Бұл бағыттағы ақпараттық кездесулер алдағы уақытта да қала аудандарында жалғаса береді.


