ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабек бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалиция мүшелері Шымкент қаласындағы №13 қалалық емханасында болып, медицина қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Конституцияның жаңа жобасын таныстыру және 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдумның маңызы түсіндірілген жүздесуге қалалық мәслихат депутаты Қайрат Имашев пен «AMANAT» партиясы Тұран аудандық филиалының атқарушы хатшысы Есімхан Бертаев та қатысты. Жиын барысында Данабек Исабек жаңа редакциядағы Ата заңның басты ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, құжат ең алдымен адами құндылықтарға және азаматтардың құқықтарын қорғауға айрықша басымдық береді.
«Бұл заң жобасы уақыт талабына толық жауап береді. Бұған дейінгі Конституция өз миссиясын атқарды. Алайда қоғам дамыды, жаңа ұғымдар мен құндылықтар қалыптасты. Сол өзгерістерді құқықтық тұрғыда реттеу үшін негізгі құжатты жаңарту қажеттілігі туындап отыр», - деді депутат.
Ол заң шығарушы орган құрылымындағы өзгерістерге де тоқталды. Бір палаталы жүйеге көшу заң қабылдау үдерісін жеделдетіп, оның сапасын арттыруға мүмкіндік береді деген пікір білдірді. Сондай-ақ депутат Жоғарғы Сот Төрағасының Президент тарапынан 6 жылға бір рет қана тағайындалуы құқықтық жүйенің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Бұл норма бір адамның ұзақ уақыт бойы жоғары лауазымда отыруының алдын алып, жеке мүдделер ықпалының азаюын қамтамасыз етеді.

Өз кезегінде Қайрат Имашев жаңа жобада қарастырылған «Миранда ережесінің» енгізілуін маңызды жаңалықтардың бірі ретінде атады.
«Бұл норма бойынша күдікті ұсталған сәттен бастап оның барлық құқықтары толық түсіндірілуі тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, тергеу әрекеттері заңсыз деп танылуы мүмкін. Мұндай тетік азаматтарды негізсіз қысымнан қорғап, әділдік қағидатын күшейтеді», - деді ол.
Кездесу барысында медицина қызметкерлері жаңа жобаның денсаулық сақтау саласына ықпалына, азаматтардың әлеуметтік кепілдіктеріне қатысты сауалдарын қойды. Делегация мүшелері барлық сұраққа нақты жауап беріп, конституциялық реформаның қоғам өміріне тигізетін әсерін түсіндірді.
Жиын соңында коалиция өкілдері қатысушыларды алдағы референдумда белсенділік танытып, өз таңдауларын жасауға шақырды. Медицина саласының мамандары тарихи маңызы бар саяси науқанда бейжай қалмайтындарын жеткізді.
