Елімізде 15 наурызда өтетін референдум мемлекет дамуының жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды саяси науқан. Бұл – әрбір азаматтың ел тағдырына тікелей ықпал етуіне мүмкіндік беретін демократиялық тетік. Осы ретте өңір-өңірлерде тиісті түсіндірме жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Бүгін «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелері Жамбыл облысының №6 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымымен кездесіп, референдумның мәні мен маңызы жөнінде кең көлемді ақпарат берді. Кездесу барысында науқанның құқықтық негіздері, оны өткізудің тәртібі және қоғам дамуына тигізер ықпалы жан-жақты түсіндірілді.
Жиында өңірлік коалиция мүшелері А.Савченко, Е.Атымтаев және Б.Әлмұратов референдум – халықтың еркін білдірудің ең тиімді әрі ашық жолы екенін атап өтті. Айтуларынша, бұл тетік халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, елдегі демократиялық үрдістердің дамуына серпін береді.
Кездесу барысында спорт мектебінің қызметкерлері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. Өз кезегінде өңірлік коалиция мүшелері референдумның ашық әрі заң аясында өтетінін алға тартып, әр азаматтың белсенділігі әділ әрі айқын нәтижеге кепіл болатынын жеткізді. Сонымен қатар олар дауыс беру құқығы бар әрбір азаматтың елдік маңызды шешімдерге қатысуы оның конституциялық міндеті әрі азаматтық ұстанымының көрінісі болатынын баса айтты.
