Коалиция мүшелері құрылыс саласының қызметкерлерімен кездесіп, жаңа Конституция жобасының басым бағыттары мен негізгі нормаларын түсіндірді. Кездесу барысында құжатта еңбек адамының құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қағидаларға ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, жаңа Конституцияда еңбек құқықтарын қорғау, азаматтардың қауіпсіз әрі лайықты еңбек жағдайында жұмыс істеуіне кепілдік беру, сондай-ақ әлеуметтік қорғау тетіктерін нығайту мәселелері қамтылғаны айтылды. Бұл нормалар еңбек адамын қолдауға және қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған.
«Жаңа Конституцияда еңбек адамының құқықтарын қорғауға ерекше мән берілген. Бұл – еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік кепілдіктерді сақтау және әрбір азаматтың адал еңбегі лайықты бағалануы тиіс деген қағиданың нақты көрінісі. Мұндай нормалар қоғамдағы тұрақтылықты нығайтып, еңбек адамдарының мәртебесін арттыруға мүмкіндік береді», – деді коалиция мүшесі Жанар Садуақасова.
Кездесу соңында құрылыс саласының өкілдері ұсынылған өзгерістердің маңыздылығын атап өтіп, жаңа Конституция ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашатынын жеткізді.

