«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің қатысуымен Әзербайжан Мамбетов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрында жаңа Конституциясы жобасын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Іс-шараға театр басшылығы, шығармашылық ұжым өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен қоғам өкілдері қатысты. Кездесу барысында құжаттың негізгі қағидалары түсіндіріліп, оның қоғамның рухани дамуына, ұлттық құндылықтарды сақтауға және мемлекеттік жүйені жетілдіруге қосатын үлесі талқыланды.
Жиын барысында жаңа Конституция жобасы қоғамдағы өзгерістер мен уақыт талабына жауап беретін маңызды құжат екені атап өтілді. Құжат мемлекеттілікті нығайтуға, азаматтық қоғамды дамытуға және ұлттық құндылықтарды сақтауға бағытталған. Сонымен қатар отбасылық институтты қорғау, мәдениет пен рухани мұраны сақтау мәселелері де кеңінен талқыланды.
«Негізгі заңды жаңарту – уақыт талабынан туындаған маңызды қадам. Бүгінгі таңда мемлекет жаһандық өзгерістерден тыс қалмауы керек. Жаңа Конституция жобасы азаматтардың пікірін ескере отырып әзірленіп, бүкілхалықтық референдумға ұсынылып отыр. Құжатта отбасы институтына ерекше мән берілген. Отбасы ер мен әйелдің өзара келісіміне негізделген одақ ретінде айқын көрсетіліп, әке, ана және бала отбасының ажырамас негізі ретінде белгіленген. Сонымен қатар балалар мен аналардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нормалардың маңызы зор. Ал «Заң және тәртіп» қағидатын конституциялық деңгейде бекіту – қоғамның тұрақты дамуының маңызды негізі», – деп атап өтті Астана қаласындағы «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекдайыр Күзембай.
Кездесу қатысушылары шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің қоғам өміріндегі рөлі ерекше екенін атап өтті. Өнер мен мәдениет қоғамдағы рухани бірлікті нығайтып, ұлттық болмысты сақтауда маңызды орын алатыны айтылды. Қатысушылар алдағы референдум азаматтардың ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауына мүмкіндік беретін тарихи қадам екенін атап өтті.
«Жаңа Конституция жобасында мәдениет, ғылым және инновация салаларына ерекше назар аударылған. Құжатта тарихи-мәдени мұраны қорғау мен шығармашылық қызметті қолдауға бағытталған маңызды нормалар енгізілген. Бұл мәдениет пен өнер саласының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады. Қазіргі әлемде мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі ғылым мен технологияның дамуына тікелей байланысты. Сондықтан ғылым мен инновацияны қолдау – еліміздің болашағы үшін стратегиялық маңызы бар мәселе», – деді өнер факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы.

