Шымкент қаласында жалпыхалықтық референдумның мәні мен маңызын кеңінен түсіндіруге арналған іс-шаралар жалғасып келеді. Қажымұқан атындағы орталық стадионда ұйымдастырылған жиын футболдан Қазақстан Премьер-лигасының жаңа маусымының ашылуымен тұспа-тұс келіп, мыңдаған жанкүйердің басын қосты.
Жаңа маусымның алғашқы туры аясында «Ордабасы» және «Ертіс» футбол клубтары өзара кездесті. Стадионға шамамен 20 мыңға жуық жанкүйер жиналып, үлкен спорттық мерекенің куәсі болды. Спорттық шара аясында референдумның маңызын түсіндіруге бағытталған ақпараттық-насихат жұмыстары да жүргізілді.
Ойынның ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, жанкүйерлер мен қала тұрғындарын жаңа футбол маусымының басталуымен құттықтады. Сонымен қатар «Integra Construction KZ» компаниясының бенефициарлық иесі Шахмұрат Мүтәліп те ізгі тілегін білдірді.
Қала әкімі өз сөзінде «Ордабасы» футбол клубына барлық қажетті жағдай жасалып жатқанын атап өтті.
««Ордабасы» футбол командасына жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Қаржылық тұрғыдан қажетті мүмкіндіктер қарастырылды. Оқу-жаттығу базасы салынды. Алдағы уақытта да клубтың дамуына жағдай жасала береді. Басты мақсатымыз – жаңа футбол маусымында чемпион атану. Ол үшін жанкүйерлердің қолдауы аса маңызды», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Сонымен қатар шаһар басшысы қала тұрғындарын алдағы республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырып, жаңа Конституция елдің даму бағытын айқындайтын маңызды құжат екенін атап өтті.
Спорттық мереке аясында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының мүшелері де жанкүйерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар стадионға келген азаматтарға референдумға қатысты арнайы ақпараттық парақшалар таратып, Конституцияның жаңа жобасында ұсынылған өзгерістердің маңызын түсіндірді.
Жұмысшы топ құрамында «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қалалық коалиция жетекшісі Мұрат Жолдыхожаев, партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов және «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері болды. Олар жанкүйерлермен жүздесіп, азаматтарды алдағы саяси науқанға белсенді қатысып, ел болашағына қатысты маңызды шешімдерге бейжай қарамауға шақырды.
Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріліп, Мемлекеттік Гимн орындалды. Сонымен қатар стадион аумағында жаңа Конституцияның негізгі құндылықтарын насихаттайтын баннерлер орналастырылды. Онда заң үстемдігі, әділетті қоғам құру, азаматтардың тең құқығы және мемлекет пен халықтың бірлігі сияқты басты қағидаттар көрініс тапты.
Футбол мерекесі ойынмен ғана шектеліп қалмай, ауқымды мәдени бағдарламаға ұласты. Чемпионаттың алғашқы туры қарсаңында ұйымдастырылған концерттік бағдарламада қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, стадионға жиналған көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Осылайша Шымкентте өткен жаңа футбол маусымының ашылуы спорт пен қоғамдық маңызы бар ақпараттық жұмысты ұштастырған жарқын шараға айналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалардың басты мақсаты – тұрғындарға жаңа Конституцияның мазмұнын кеңінен түсіндіріп, азаматтарды референдумға белсенді қатысуға шақыру.


