«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалиция өкілдері Көксу және Қаратал аудандарында болып, түсіндірме жұмысын жүргізді. Жаңа Конституция жобасын түсіндірушілер алдымен аудандық мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесті.
Көксу ауданындағы кездесуде жалпыұлттық коалиция мүшелері Ғалиасқар Сарыбаев, Құрметбек Сансызбай, Ришад Тұрғанбай және Ермек Егінбаев сөз сөйлеп, жаңа Ата заңдағы тың үдерістерді ортаға салды.
Кездесу барысында ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттары кеңінен әңгіме арқауына айналды. Коалиция өкілдері жаңа Конституция жобасының басты мақсаты – әділ қоғам қалыптастыру, заң үстемдігін нығайту және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту екенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен жауапкершілікті нақтылау мәселелері де сөз болды.
Ғалиасқар Сарыбаев өз сөзінде референдум әр азаматтың ел болашағына тікелей ықпал ету мүмкіндігі екенін жеткізді. Оның айтуынша, Конституцияға енгізілетін өзгерістер мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтып, тұрақты дамуға жол ашады.
Ришад Тұрғанбай Жаңа Конституция жобасының ашық әрі жария талқылаудан өткенін, қоғам тарапынан түскен ұсыныстардың ескерілгенін атап өтті. Ол бұл құжаттың шынайы халықтық сипатқа ие екенін және оның қабылдануы елдің саяси жаңғыруына серпін беретінін айтты.
«Жаңа Конституцияда «Ұлы Дала» ұғымы мен мыңжылдық тарихи мұра мемлекеттік құндылық ретінде преамбулада бекітілген. Бұл – өткенге тағзым ете отырып, бабалар аманатына адал болу, ұлттық жадымызды, тілімізді, мәдениетімізді, тарихи құндылықтарымызды жоғалтпау деген сөз. Осы арқылы біз тамырсыз қоғам емес, терең тарихы бар, рухы биік ел екенімізді айқындаймыз. Егер біз тарихымызды құрметтемесек, мәдени мұрамызды қорғамасақ, онда ертеңгі ұрпақ өз тамырын, өз бабаларын білмей қалады. Конституция осы жауапкершілікті мемлекеттің ең жоғары деңгейінде бекітті», – деді спикер.
Құрметбек Сансызбай реформалар аясында өңірлердің рөлі артып, жергілікті өзін-өзі басқару институттары күшейетінін жеткізді. Оның пікірінше, бұл өзгерістер аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.
Жалпы жиын барысында тұрғындар өз ой-пікірлерімен бөлісіп, алдағы референдумның елдің тыныштығы мен болашағы үшін маңызын таразылады.


