Бүгін «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Астанадағы №3 сорғы-сүзу станциясына барып, қызметкерлерімен кездесті.
Астананың №3 сорғы-сүзу станциясы қаланың сол жағалау бөлігін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді. Станция тұтыну көлемінің артуына байланысты су қысымын тұрақтандыруға және сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда станцияда шамамен 100 қызметкер еңбек етеді.
Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Башимов, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден, Астана қаласы мәслихатының депутаты Владислав Сергеев, заң ғылымдарының докторы Ермек Абдрасулов қатысты.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының басты өзгешеліктері мен жаңалықтары жан-жақты түсіндірілді.
Ермек Абдрасулов айтқандай, жаңа Конституцияда адам өмірі мен құқықтары басты құндылық ретінде көрсетілген, білімге, ғылымға, мәдениетке және инновацияларға ерекше мән берілген. Сондай-ақ елде Халық кеңесі құрылады.
«Конституцияда кез келген азаматты ұстау кезінде оған құқықтары түсіндіріліп, адвокат шақыру мүмкіндігі беріледі. Егер бұл ереже сақталмаса, дәлелдер жарамсыз болып саналады. Сонымен қатар елде Вице-президент лауазымы енгізіліп, бірпалаталы Парламент, яғни Құрылтай болады», – деді Ермек Абдрасулов.
Кездесу соңында станция қызметкерлері жаңа Конституция жобасын қолдауға дайын екендіктерін атап өтіп, референдумда белсенді қатысуға ниеттерін білдірді.



