Қаз
Ғылымы дамыған елдің болашағы берік болады

Жамбыл облысы Жамбыл ауданында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы мүшелері бірқатар кездесу өткізді. Тұрғындармен кездесулер барысында елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар мен Жаңа Конституция жобасының мән-маңызына кеңінен талқыланды. Іс-шаралар қоғамның түрлі өкілдерін қамтып, ашық пікір алмасу форматында өтті.

Аталған топ алдымен «Амангелді Газ» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Жиын барысында коалиция мүшелері – Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі, партия ардагері Қасымхан Төлендиев, облыстық мәслихат депутаттары Ерұлан Мағзымбеков, Бегалы Ералиев сөз сөйлеп, алдағы республикалық референдумның маңызын жан-жақты түсіндірді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбутәліп Мүтәлі жаңа редакциядағы Конституцияда құқықтар мен міндеттердің теңгерімі нақты айқындалғанын жеткізді.

«Конституцияда тек адамның құқықтары ғана емес, сол құқықтармен бірге әр азаматтың міндеттері де жүйелі түрде көрсетілді. Бұл құқық пен жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті нақты бекітеді. Сонымен қатар тарихта алғаш рет білім, ғылым және инновацияны дамыту мемлекет үшін негізгі құндылық ретінде айқындалуда. XXI ғасырда ел тәуелсіздігі тек әскери әлеуетпен емес, білім мен технология арқылы да қорғалады. Ғылымы дамыған елдің болашағы берік болады. Сондықтан бұл бағыттарды Конституция деңгейінде бекіту – уақыт талабы», – деді ол.

Бұдан кейін коалиция мүшелері мәдениет және архив саласының қызметкерлерімен, сондай-ақ ауыл жастары өкілдерімен кездесті. Кездесулер барысында Жаңа Конституция жобасының егемендік пен тәуелсіздікті, аумақтық тұтастық пен мемлекеттік шекараның мызғымастығын нығайтуға бағытталғаны айтылды.

«AMANAT» партиясының мүшесі, партия ардагері Қасымхан Төлендиев құжаттың ашық және жария түрде әзірленгеніне назар аударды.

«Бұл Конституция жабық кабинетте қабылданған жоқ. Құжат бүкіл ел көлемінде талқыланып, азаматтар, ғалымдар, заңгерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері өз ұсыныстарын енгізді. Талқылаулар ашық форматта өтті. Бұл – елімізде азаматтық қоғамның күшейгенінің айқын дәлелі», – деді ол.

Жамбыл ауданындағы жұмыс сапары AzNur ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мүшелерімен кездесумен қорытындыланды. Жиында Конституция жобасын талқылау үдерісінің ашықтығы мен жариялылығы атап өтіліп, қатысушылар өз пікірлерін білдірді.