Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Әбутәліп Мүтәлі, өңірлік жалпыұлттық коалиция мүшесі Гулам Умаров және AMANAT партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, өңірлік коалиция жетекшісі Дауыл Бейсенқұлов Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің оқытушыларымен және студенттерімен кездесті.
Кездесуде спикерлер Жаңа Конституция мемлекеттің ұзақ мерзімді ұлттық мүдделеріне толық сай келетін стратегиялық құжат екенін атап өтті. Сондай-ақ, білім беру саласы мен жастар үшін кең мүмкіндіктер қарастырылғаны айтылды.
Жаңа Конституция елдің стратегиялық таңдауын адамды дамыту арқылы: оның білімі, мәдениеті, шығармашылығы және инновациялық әлеуеті арқылы өсуді қамтамасыз етуге бағыттайды. Бұл модельде негізгі өсу мен бәсекеге қабілеттілік драйверлері ретінде шикізат ресурстары емес, білім беру, ғылым, мәдениет және технологиялар айқындалған. Мемлекет ғылыми, техникалық және шығармашылық ізденіс еркіндігін қамтамасыз етеді, өйткені прогресс идеялардың ашықтығы мен интеллектуалдық дербестіксіз мүмкін емес.
Мұқаш Ескендіров мемлекеттің зайырлы сипаты мен білім беру жүйесіндегі теңдік қағидаты білімге бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етіп, даму кеңістігін идеологиялық қысымнан қорғайтынын ерекше атап өтті.
«Білім берудің конституциялық кепілдігі – ғылым мен адами капиталды дамытудың іргетасы. Конституция жобасының 33-бабында азаматтардың міндетті бастауыш және орта білім алуына кепілдік берілген. Сонымен қатар, конкурстық негізде жоғары білім алу құқығы бекітіледі. Бұл – әр азаматтың сапалы білім алуға заңмен қорғалған құқығы бар деген сөз. Осы ретте оқу орындарының оқытушыларына сапалы білім беру міндеті жүктеледі. Студенттерге де үлкен жауапкершілік артылады. Білім бәсекесі күшейген заманда еліміздің болашағы – білімді жастардың қолында», – деді депутат.
Әбутәліп Мүтәлі Жаңа Конституциядағы маңызды бағыттардың бірі – цифрландыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, Конституция мәтінінде алғаш рет азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғау нормасы енгізіледі.
«Конституциялық модель адамды, оның өмірі мен қадір-қасиетін мемлекеттің ең жоғары құндылығы деп тануға негізделген. Барлық билік институттары азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды басты басымдық ретінде қарастырады. Конституция жеке өмірге қол сұқпаушылық кепілдіктерін күшейтіп, жеке және цифрлық деректерді қорғауды қамтамасыз етеді», – деді ол.
Дауыл Бейсенқұлов жаңа Ата Заң жобасында білімді елдің басты құндылығына айналдыру арқылы жастар үшін теңдессіз мүмкіндіктер ашылатынын айтты. Жыл сайын 80 мыңға жуық студенттік грант бөлінуі, «Жас ғалым» бағдарламасы аясында жоғары стипендиялар тағайындау және әлемнің үздік зертханаларында тағылымдамадан өту мүмкіндігі жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыруға жол ашады.
Ал өңірлік Жалпыұлттық коалиция мүшесі Гулам Умаров Конституция жобасының 27-бабында әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар екенін атап өтті. Аталған бапта адамның қауіпсіз және санитарлық-гигиеналық талаптарға сай еңбек ету жағдайларына құқығы кепілдендірілетіні көрсетілген.
Кездесу қорытындысында Жамбыл облысының тұрғындары Қуатты, Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстан құру жолындағы бастамаларды қолдайтынын және ел дамуына өз үлестерін қосуға дайын екендерін білдірді.