Жаңа Конституция жобасындағы кәсіпкерлікке қатысты негізгі тұжырымдар Жалпыұлттық коалиция өкілдерінің Түркістан облысы, Сайрам ауданында кәсіпкерлермен және жергілікті тұрғындармен өткізген кездесулерінде талқыланды. Конституциялық реформаларға арналған еркін диалог платформалары Ақсукент елді мекеніндегі «AKSU Plaza», «NiK» сауда орталықтарында жұмыс жүргізді.
Конституция жобасын дайындау кезінде әртүрлі сала өкілдерінің пікірі ескерілгенін, Ата заңның жаңа редакциясын әзірлеуге тәжірибелі заңгерлер және экономистермен қатар, бизнес өкілдерінің, кәсіпкерлік орта белсенділерінің қатысқанын Түркістан облыстық мәслихатындағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев атап өтті.
«Жаңа Конституцияда іскерлік ортаға тікелей әсер ететін маңызды қағидаттар қарастырылған. Олар заң алдындағы теңдікті, ашықтықты және келісімдердің сақталуын қамтамасыз етеді. Конституциялық нормалар кәсіпкерлік қызмет еркіндігін бекітеді. Мемлекет бизнеске қатысты реттеудің ашық шарттарын қолданып, зияткерлік меншік пен активтерге қосымша кепілдіктер беретін болады. Жекеменшік құқығын қорғау конституциялық деңгейде бекітіледі. Хабарларыңыз бар, Түркістан облысы белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің саны жөнінен республикадағы ең үздік үш өңірдің қатарына кіреді. Түркістан облысында 216 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жүргізеді, шағын және орта бизнес саласында мыңдаған азаматтарымыз еңбек етеді. Сондықтан, жаңа Конституциядағы құқықтық нормалардың әрбір отбасыға әсері бар екенін түсінуіміз қажет», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Басқосуда ел экономикасының ілгерілеуі ең алдымен тұрақтылыққа тікелей байланысты болатыны айтылды. Осы орайда, жаңа Конституция бекітетін құқықтық нормалар заң үстемдігін қамтамасыз етуге, осы бағыттағы мемлекеттік саясатты жүйелі әрі ашық жүргізуге жағдай жасайтынын түсіндірілді. Ата заңның жаңа жобасында қамтылған кепілдіктердің арқасында бизнес ұзақ мерзімді жоспар құрып, өндірісін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын аша алатынын, ал бұл өз кезегінде халықтың әл-ауқатының артуына ықпал ететіні сөз болды.
Кәсіпкерлермен және тұрғындармен пікір алмасулар барысында Әділетті Қазақстан құруда кәсіпкерлерге де үлкен жауапкершілік жүктелетіні айтылып, бизнес өкілдері тек табыс табумен ғана шектелмей, елдегі өзгерістерге де белсенді қатысуы керектігі мәлімделді. Әр кәсіпкер өз ұжымына реформалардың мәнін түсіндіріп, ел болашағы үшін бұл қадамдардың не үшін қажет екенін жеткізуі тиіс екеніне баса мән берілді.

