Бүгін «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері Сағындық Лұқпанов, Әлібек Нәутиев, Фатима Тулеева, Гүлзада Шакуликова, Жеңіс Абілкарес «QazaqGazAimaq» АҚ Атырау өндірістік филиалының және «ИнтергазОрталықАзия» АҚ «Атырау» магистральдық газ құбырларын басқару ұжымымен кездесті.
Кездесу барысында конституциялық реформаның негізгі бағыттары жан-жақты түсіндіріліп, әділетті қоғам құру, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әлеуметтік теңдік пен тұрақты даму мәселелері кеңінен талқыланды.
«Жаңа Конституция – бұл тұрақтылық пен болашаққа сенімнің кепілі. Құжатта Қазақстан әлеуметтік мемлекет ретінде айқындалып, әр адамның құқықтары мен бостандықтары туғаннан қорғалатыны нақты бекітіледі. Сонымен қатар, отбасы қоғамның негізі ретінде танылып, ана мен әке құқықтары мен балалық шақ мемлекеттің қорғауында болады. Бұл – отбасыларды, әсіресе көпбалалы ата-аналарды қолдаудың берік құқықтық негізі», – деді коалиция мүшесі Фатима Тулеева.
Өз кезегінде коалиция мүшесі Гүлзада Шакуликова жаңа Конституция жобасында білім беру мен балалардың жан-жақты дамуына ерекше мән берілгенін атап өтті. Мемлекет бастауыш және орта білімді міндетті әрі тегін қамтамасыз етеді, ал мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурс негізінде тегін білім алу мүмкіндігі сақталады. Сонымен қатар, білім мен ғылым, мәдениет пен инновациялар негізгі құндылықтар ретінде айқындалады.
Кездесу соңында өндіріс саласының мамандары ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтіп, бастаманы қолдайтындарын білдірді. Олар тұрақты даму мен әлеуметтік әділеттілікке бағытталған реформалар қоғамның бірлігі мен сенімін нығайтатынын жеткізді.
