Ақсу қаласында жаңа Ата заңды түсіндіруге арналған бірқатар кездесулер ұйымдастырылды. Жалпыұлттық коалиция мүшелерінің негізгі мақсаты халықтың саяси белсенділігін арттыру болғандықтан, референдум қарсаңындағы барлық жиындар ашық диалог форматында өтті. Қызу пікір алмасу барысында спикерлер тұрғындарға негізгі конституциялық өзгерістердің мән-маңызын түсіндіріп, қойылған сұрақтарға жауап берді.
«Ақсу Сервис» кәсіпорнында жергілікті коммуналдық сала қызметкерлерімен өткен алғашқы кездесуде коалиция өкілдері еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік құқықтардың қорғалуы мәселелеріне тоқталды. Олардың айтуынша, қарапайым еңбек адамдарының мүддесі Ата заңның жаңа редакциясында барынша ескерілген.
Одан кейін меймандар «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының Ақсу қалалық штабында азаматтық қоғам өкілдерімен жүздесті. Қатысушылар жаңа Ата заңның 6-бөліміне енгізілген Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты сауалдарын қойды. Өз кезегінде коалиция мүшелері бұл консультативтік орган халық үнін билікке жеткізетін маңызды институтқа айналатынын атап өтті.
Ақпараттық-түсіндіру тобының сапары қалалық Балалар шығармашылық үйінде қорытындыланды. Мәдениет және өнер саласының қызметкерлерімен өткен пікір алмасу барысында спикерлер шығармашылық еркіндік мәселесін қозғап, зияткерлік меншікті қорғау тетіктері туралы баяндады.
Сонымен қатар коалиция өкілдері тарихи референдумға шығарылған жаңа Конституцияның мазмұнын жолай кездескен ақсулықтарға да түсіндіріп, алдағы саяси науқанның маңызын атап өтті.


