Ақмола ауданының Целиноград ауданында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы мүшелері жұмыс сапары аясында өңір тұрғындарымен кездесті. Басты мақсат – жаңа Конституция жобасын түсіндіру, азаматтардың құқықтары мен міндеттері жөнінде ақпарат беру және қоғам пікірін тыңдау.
Делегация құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Беким Акимов, Ақмола облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Қали Рахметов, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Фаим Жұмабеков, Целиноград аудандық мәслихатының депутаттары Лязат Қонарбаева, Берік Рымқұлов, және «AMANAT» партиясы Целиноград аудандық филиалының төрағасы Сағадат Ашебеков, сондай-ақ қоғам белсенділері болды.
Ақмол ауылындағы әскери бөлімде өткен кездесуде конституциялық реформалардың мазмұны жан-жақты түсіндірілді. Кездесуді бөлім командирі Дамир Абенов ашып, Конституцияның мемлекеттің негізгі заңы ретіндегі маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Ата Заң талаптарын сақтау – әрбір азаматтың, әсіресе әскери қызметшілердің басты міндеті.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев өз сөзінде әскери борыш пен конституциялық реформалардың өзара сабақтастығына тоқталды.

«Отан қорғау – тек кәсіби міндет емес, бұл Конституцияда көрсетілген азаматтық жауапкершілік. Жаңа Конституция жобасы адам құқықтарын қорғауды күшейте отырып, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге берік құқықтық негіз қалыптастырады. Құқықтары қорғалған, әділеттілікке сенетін жас ұрпақ – мемлекеттің тұрақты дамуының кепілі», – деді депутат.
Жалпыұлттық коалиция мүшелері «Capital Projects LTD» кәсіпорынның ұжымымен де кездесу өткізіп, қызметкерге жаңа Ата Заң жобасының негізгі жаңалықтарын түсіндірді. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға спикерлер жан-жақты жауап берді.
Айта кетейік, «Capital Projects LTD» Ақмола облысындағы ең ірі құс етін өндіруші кәсіпорын. Жылдық өндірістік қуаттылығы 20 000 тоннаға дейін жететін кәсіпорында 400-ден астам адам жұмыс істейді.
Жиында Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Беким Акимов Жаңа Конституция жобасы елдің саяси жүйесін жаңғыртуға, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға және халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейтуге бағытталғанын атап өтті.
«Ел дамуының жаңа кезеңінде Конституцияның рөлі ерекше. Сондықтан азаматтар ұсынылып отырған өзгерістермен танысып, саналы таңдау жасауы керек», – деді ол.
Кездесу барысында еңбек ұжымы тарапынан сұрақтар қойылып, ашық әрі мазмұнды пікір алмасу өтті. Қатысушылар конституциялық реформалар елдің тұрақты дамуына, әділетті қоғам қалыптастыруға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын қолдайтындықтарын жеткізді. Кездесу соңында коалиция мүшелері жиналған қауымға белсенді азаматтық ұстаным танытып, ел болашағына бейжай қарамауға шақырды.

