Қаз
Жаңаөзендегі жүздесуде жаңа Конституция жобасы талқыланды

Бүгін «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының Жаңаөзен қалалық филиалы «Өзенинвест» коммуналдық кәсіпорыны ұжымымен кездесті. Олар ұжымға тарихи кезеңдегі Конституциялық реформаның мақсаты, адам құқықтары мен бостандығына берілген кепілдіктер, заң нормаларына енгізілген түзетулер туралы кеңінен баяндады. Ата заңға енгізілетін өзгерістердің мақсаты еліміздің тәуелсіздігін баянды ету және саяси жүйені жаңғырту екені ерекше атап өтілді.

«Жаңа Конституция азаматтарға елдің болашағына қатысты негізгі шешімдерді қабылдауға араласып, Халық Кеңесіне ұсыныстар енгізуге, бастамалар көтеруіне мүмкіндік береді», - деді қалалық коалиция төрағасы Темір Мұсаев.

Жиында коалиция мүшелері еліміздің болашағы үшін жаңа Конституция жобасын қолдап, референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Жаңаөзен қаласының және оған іргелес елді мекендердің ауыз су және кәріз жүйелерінің жұмысын қадағалайтын бұл кәсіпорында 308 қызметкер еңбек етеді. Бүгінде «Өзенинвест» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды жетілдіру және инвестициялық тартымдылықты арттыру бағытында еңбек етуде. Ұжым мүшелері негізгі міндеттерін орындаумен қатар, еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі өзгерістерге де үн қосып, қолдау көрсетіп келеді.

Жас буын өкілдері Дамир Шырақбаев, Аманкелді Төлегенұлы және Али Магни сөз алып, жаңарған Конституцияны қолдау – ел болашағына жасалған маңызды қадам екенін атап өтті. «Өзенинвест» ұжымының мүшелері бірауыздан конституциялық реформаны қолдады.